Елімізде бензин тағы қымбаттады
Еліміздің солтүстік аймақтарында Ресейден тасылатын жанармай бағасы тағы қымбаттады. Қазір сұранысқа ие АИ-92-нің бір литрі 150 теңгеден сатылуда, ал АИ-95-тің құны 165 теңгеге жеткен, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Сурет: Kapital.kz
Бұған көрші елдің көтерме саудамен айналысатын фирмалары кінәлі көрінеді. Сондай-ақ, астаналық және қарағандылық жүргізушілер де қымбат бензин алуға мәжбүр. Кәсіпкерлердің айтуынша, жуырда Павлодар мұнай өңдеу зауыты жөндеу жұмыстарына байланысты жұмысын тоқтатса, теріскейде жанармай мүлдем тапшы болып кетуі мүмкін. Шығыстағы жүргізушілер қазірдің өзінде бензин таппай сенделіп жүр.
Петропавлда Ресей бензинін сататын бекеттер баға жазылған тақтайшаны бүгін таңертең ауыстырды. Қанша наразы болса да амалы жоқ жүргізушілер көліктеріне қымбат отын құйдырып жатыр. Өйткені өңірдегі бекеттердің 70 пайызы көрші елден тасылатын жанармайды сатады. Бұл жағдайға Ресейдің көтерме саудамен айналыстан фирмалары кінәлі деген кәсіпкерлер жүргізушілерге жаға ұстатарлық хабар жеткізді.
“Бүгінгі күні тек Омбы зауытынан ғана жағармай алып отырмыз. Бұрын Татарстан мен Башқұрстаннан да бензин тасушы едік. Бүгін -ертең Омбы зауыты жөндеу жұмыстарына жабылады деген қауесет бар. Ол расталса,оның үстіне Павлодар зауытында да жөндеу жұмысы басталса, онда өңірде бензин тапшылы сезілетіні анық”, – дейді «Регион» ЖШС директоры Мәден Жұмағұлов.
Теріскейлік кәсіпкер меңзеген тапшылық Семей бекеттерінде қазірдің өзінде сезілуде. Әсіресе АИ-92 тапшы. Ірі жанармай құю орындары бір аптадан бері мүлдем қаңырап бос тұрса, шағын бекеттердегі отынның сапасы сын көтермейді деген жүргізушілер оларға жоламайды екен. Амалы жоқтар АИ 95 маркалы бензиннің литрін 169 теңгеден құйдыруға мәжбүр.
“92 болмағандықтан 95 құюға тура келіп жатыр. Ал мұны біреудің қалтасы көтереді, енді біреудің қалтасы көтермейтіні белгілі ғой”, – дейді көлік жүргізушісі Арнұр Нұрланұлы.
Бензин Астана мен Қарағандыда да қымбаттады. Еліміздің солтүстік өңірлерінің дені көрші ел отынына тәуелді екенін ескерсек, бағаның әлі де көтеріле түсетін түрі бар.
“Қыркүйекте екі рет қымбаттады, 144-147-ге , 147-150 теңгеге дейін. Кейбір жанар -жағармай станцияларында 150 теңгеге дейін жетіп отыр. Шекаралас болғандықтан енді 92 бензин әсіресе сол бензин бойынша тәуелді болып келеді бір 60-70 пайызға үлес”, – дейді СҚО кәсіпкерлікті дамыту және туризм басқармасының бөлім басшысы Мұрат Нұрқанов.
Отын бағасына ресей рублі бағамының көтерілуі де кері әсерін тигізіп отыр. Оның үстіне көрші ел күні кеше ғана жанармай акцизіне салынатын салықты да көтерген көрінеді.
Жіберіп алмаңыз:
Желіде әйгілі дінтанушының жесір әйелді жыныстық қатынасқа шақырған видеосы пайда болды (видео)
Ақсақал президент Назарбаевқа қалай сәйгүлік сыйлағанын айтып берді
Сыныптастарын ұрып, ұстазына қол көтерген оқушы диспансерге жатқызылды
Айгүл Болатханқызы: Біздегі бағдарламалар қазақты қайыршылыққа үйретіп жатқан сияқты