Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,75%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен 15,75%-ға дейін төмендетуді ұйғарды. Өйткені болжамдар өзгеріп, инфляция тәуекелдерінің балансы бағаланды. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Елдегі жылдық инфляция төмендеуде. Алдағы айларда бір таңбалы мәнге жетеді деген үміт бар. Қазанда айлық инфляция баяулаған. Сыртқы инфляциялық қысым орталық банктердің қатаң саясаты мен әлемдік азық-түлік бағасының төмендеуі аясында бәсеңдеп келеді. Алайда фискалдық ынталандыру, орнықты ішкі сұраныс, жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулер тарапынан проинфляциялық қысым сақталып отыр.
Базалық мөлшерлеме бойынша қабылданатын алдағы шешімдер нақты инфляция динамикасының болжамды траекториясына сәйкестігіне байланысты болмақ. Инфляция бойынша 5% мақсатына қол жеткізу қажеттілігі ортамерзімді кезеңде ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын ұстап тұруды талап етеді.
“Жылдық инфляция қазанда баяулап, 10,8%-ға жетті. Айлық инфляция 0,7%-ға тең болды. Баға өсімі қазір жүргізіліп отырған ақша-кредит саясатына, жаһандық инфляциялық қысым мен өндірістік шығындардың төмендеуіне, логистикалық тізбектердің біртіндеп қалпына келуіне, билік қабылдаған шараларға, сондай-ақ өткен жылғы жоғары базаның ықпалына байланысты баяулап келеді. Базалық және маусымдық факторларды ескермейтін инфляция көрсеткіштері тұрақталды”, – деп мәлімдеді ұлттық банк.
Жаһандық инфляция баяулау үрдісін жалғастырып келеді. Ал Ресейдегі инфляцияның жоғары деңгейіне байланысты сыртқы инфляциялық қысымның күшею тәуекелдері сақталып отыр. Ортамерзімді перспективада сауда-серіктес елдерде инфляция нысаналы мәндеріне жақындаған сайын проинфляциялық қысым әлсірейді.
“ФАО азық-түлік бағасының индексі қант, дәнді дақылдар, өсімдік майлары мен ет бағасының арзандауы аясында төмендей бастады. Енді дәнді дақылдар бағасы төмендейді деп күтіледі. 2023 жылдың аяғы мен 2024 жылдың басында Украинадан астық жеткізу көлемі төмендейтіндіктен, баға өседі деген күтулер бар”, – деп мәлімдеді ұлттық банктың баспасөз қызметі
Базалық сценарийде ОПЕК+ өндіруді қысқартуы және Таяу Шығыстағы соғыс қимылдарының ұзаруы аясында осы жылдың соңына дейін Brent маркалы мұнайдың бағасы 1 баррель үшін 85-90 АҚШ доллары аралығында тұрақты болмақ. Базалық сценарийде 2024 және 2025 жылдары әлемдік экономиканың қуат көздеріне деген орташа сұранысқа байланысты Brent маркалы мұнай бағасы 85 АҚШ доллардан және 80 АҚШ долларға түседі деп болжам жасалды
Инфляцияның 2023 жылға арналған болжамы 9,3-10,3%-ға дейін жақсарды
“2024 жылға арналған болжам – 7,5-9,5% деңгейінде, 2025 жылға – 5,5-7,5% деңгейінде сақталып отыр. 2024-2025 жылдарға арналған инфляциялық болжамның негізгі тәуекелдеріне – фискалдық ынталандырудың күшеюі, инфляциялық күтулердің тұрақсыздығы, 2023 жылы төмен өнім алу ықпалына байланысты азық-түлік бағасының ықтимал өсуі, сондай-ақ ТКҚ тарифтері өсуінің тікелей әсері жатады. Инфляциялық болжам үкімет талқылап жатқан қосымша құн салығын (ҚҚС) 2025 жылы көтеруді ескермейді”, – делінген хабарламада.