Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде баспананы сақтандыру міндеттелмек

Енді қазақстандықтардың коммуналдық қызметтер түбіртегіне тағы бір төлем түрі қосылуы мүмкін. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мамандары азаматтарға мүлікті апаттан сақтандыруды міндеттеуді ұсынып отыр. Өйткені елімізде баспанасын төтенше жағдайлардан сақтандыратындар аз екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

пәтер

Фото: Pixabay.com

Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мамандары төтенше жағдайлардан сақтандырудың жаңа үлгісін әзірлеп жатыр. Себебі елімізде баспанасын табиғи апаттан ерікті түрде сақтандыратын азаматтар тым аз. Сондықтан төлемді тұрғындардың коммуналдық төлемдеріне енгізіп, міндеттеуді ұсынады. Дегенмен қазақстандықтардың қанша төлейтіні әзірге белгісіз.

“Бұл тек ұсыныс. Әзірге баспананы апаттан сақтандыруды міндеттеу шарасын әзірлеп жатырмыз. Көптеген шет мемлекеттер осы әдісті қолданады. Сондықтан тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті мұндай жаңалыққа қарсы болмайды деп үміттенеміз”, – деді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева. 

Агенттіктің бұл ұсынысына халықтың көзқарасы екі түрлі. Бірі коммуналдық төлемдер онсыз да қымбат десе, кейбірі елдегі төтенше жағдайлардың жиілегенін айтып, сақтандыруды қолдайды.

“Қосуға болады деп ойлаймын. Өйткені ертең бірдеңе болып қалса, сақтандырудың ақшасы қалады”, “Сақтандыру әркімнің өзінің жеке құқығы емес пе? Оны міндеттеу дұрыс емес. Көлікті міндеттеп қойды, енді үйіңді, жеріңді міндеттеп қойса, не болады?”, “Жоқ, дұрыс емес. Онсыз да коммуналдық төлем қымбат шығады” деді жұрт.

Жылжымайтын мүлікті міндетті сақтандыру елдегі табиғи апаттардан кейін жиі айтыла бастады. Агенттік өкілдері  коммуналдық төлемге міндетті сақтандыруды енгізбес бұрын ол қоғам талқылуына шығарылады дейді.

Талқылау