Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде азаматтардың атына жалған несие рәсімдеумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топ бар – Депутат

Асхат Рахымжанов

Фото: Рarlam.kz

Мәжіліс депутаты, ОСДП фракциясының мүшесі Асхат Рахымжанов елімізде азаматтардың атына жалған несие рәсімдеумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топ әрекет етітінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның айтуынша, бұл қылмыстар банктердің кейбір қызметкерлерінің тікелей қатысуымен жасалып жатыр.

"Қазақстанда алаяқтық жолмен азаматтардың атына жүйелі түрде кредит рәсімдейтін ұйымдасқан қылмыстық топ бар. Бұл мәселенің ауқымы кең. Партиямыз бен менің атыма келіп жатқан өтініштер – соның дәлелі", – деді депутат.

Оның айтуынша, әсіресе Шығыс Қазақстан облысында осындай жағдайлар жиілеген. Белгісіз нөмірлерден қоңырау шалып, адамдарды нақты банк бөлімшелеріне бағыттаған. Дәл сол бөлімшелерде азаматтар мен олардың туыстарының атына жалған несиелер рәсімделген.

"Бізде осындай алаяқтыққа қатысы болуы мүмкін банк қызметкерлерінің тізімі бар. Бұл ақпаратты құқық қорғау органдарына береміз", – деді Рахымжанов.

Депутат Ішкі істер министрлігіне осы фактілерді мұқият тексеруді ұсынды.

"ІІМ екінші деңгейлі банктердің менеджерлеріне кешенді тексеру жүргізіп, жалған сенімхаттармен берілген несиелерге құқықтық баға беруге тиіс. Өз тарапымыздан бізде бар барлық деректі, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша да, тергеу органдарына ұсынып, толық ынтымақтастық орнатуға дайынбыз", – деді ол.
 

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 01 Қазан, 2025 15:35
Талқылау