Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде бірінші рет сотталғандар мен бірнеше қылмыс жасағандарды әртүрлі колонияда бөлек ұстау ұсынылды

Парламент Сенатында қылмыстық сот төрелігі, жазаны атқару және азаптау мен қатыгездіктің алдын алу саласындағы адам құқықтарын қорғауды күшейту туралы заң жобасы таныстырылды. Жобада алғаш сотталғандар мен бірнеше қылмыс жасағандарды әртүрлі калонияда бөлек ұстау ұсынылды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

түрме

Бұл туралы жоғарғы палатаның баспасөз қызметі мәлімдеді.

Құжатқа денсаулық сақтау, сотталғандарға ауру болған кезде адамгершілікпен қарау, сотталған әйелдер мен балалар арасындағы әлеуметтік байланысты сақтау сынды бөліктер енгізілген.

Ішкі істер министрлігінің өкілі алғаш рет сотталғандар мен бұрын жазасын өтеген адамдар үшін жазасын өтеу орындарында бөлек ұстауды енгізу, сондай-ақ төтенше жағдайдағы күзет мекемелерін жою, оларды барынша қауіпсіздік мекемелеріне қайта форматтау ұсынылатынын алға тартты.

“Жобада тағы бір норма көзделген. Заң "азаптау" мен "қатыгездікпен қарау" деген түсінікті нақтылайды. Осылайша, қатыгездік немесе ар-намысты қорлайтын әрекет жаңа қылмыс болып саналады", – министрлік.

Сонымен қатар бала үш жасқа толған соң да анасының жанында болу мерзімін ұзарту қарастырылған. Бұл балалары бар сотталған әйелдердің әлеуметтік байланысын сақтауға және мекеме базасында балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің оқу процесін ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Сотталғандар ауыр науқасқа шалдыққан жағдайда жазасын өтеуді кейінге қалдыруға немесе жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыруға мүмкіндік беретін норма енгізу де ұсынылды.

Талқылау