Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"15 жасымда Ұлыбританияға барып, 16 жасымда жұмыс істей бастадым": Қазақстандық Ұлыбританияда өз кәсібін қалай бастағаны туралы айтып берді

Асқар Бөлегенов – 26 жастағы кәсіпкер, қос инновациялық стартаптың негізін салушы. Асқар алғаш Grocemania деп аталатын шағын дүкеннен азық-түлік жеткізетін сервисті құрған. 2018 жылы аталмыш сервис 1,1 миллион фунт стерлингке бағаланды. Қазір кәсіпкер Nippy атты жаңа жобасын қолға алған. Nippy – шағын қоймалар желісі, бұл жерден клиент тауарды көтермеде бағада сатып ала алады. Ал тауар 15-20 минутта жеткізіледі. Жас кәсіпкер Ұлыбританияда қалай табысты стартап бастағаны туралы және басынан кешкен қызықты оқиғалары жайлы Limon Media басылымына берген сұхбатында айтып, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

асқар

Асқар Бөлегенов – Алматы тумасы. Ол Grocemania атты Ұлыбританиядағы азық-түлік жеткізу бойынша алғашқы сервисті құрған. Сөзінше, мектепте оқыған кезінде ағылшын тілі мен ғылымға қызыққан. Сонымен қатар түрлі олимпиадаларға қатысып, Англиядағы оқу ақысының 40%-ын өтейтін грант жеңіп алған. 

Жас кәсіпкер бала күнінен Еуропада білім алуға қызыққан екен, дегенмен бұл үшін ата-анасын көндіре алмаған. Кейін олимпиададан грант жеңуі шетелде білім алуына жол ашты дейді. 

"Бірінші жыл мемлекетке үйренумен өтті. Ағылшын тілін қайта меңгеріп, британиялық акцентке бейімделу қажет болды. "Борат" жайлы қалжыңдарға да үйреністім. Бірақ бастапқыда бұл үшін төбелесетін едім. Ал қазір барынша мән бермеуге тырысамын. 

Алғашқы жыл Бирмингем түбіндегі Шрусбери атты шағын қалада өтті. Бұл мектеп-пансионат, яғни ұлдар мен қыздар бөлек оқиды. Ал Бирмингемге жету үшін автобуспен 40 минут жүру керек. Таңғы 08:00-де оянып, 22:30-да ұйықтайтын едік. Англия ұнады, әйтсе де барлығы бірден жақсы болды деуге келмес. Үнемі бұлт, Күнді жиі көргің келеді. Бірақ бұл үшін шағымданбаймын", –  деп қосты ол. 

Бір жылдан кейін Асқар бакалавриатқа тапсырмақ болған. Алайда University of Bristol оқу орнына тек 17 жастан бастап қабылдаған екен. Жасы жетпегендіктен Асқар Kingston University-ге бірден 2-курсқа қабылданған. 

"Жоғарғы оқу орнына International Web Development бағыты бойынша 2-курсқа түстім. Оқумен қатар тапсырыстар алып, сайт жасайтынмын. Фрилансер болдым деуге болады. Табысым орташа есеппен 200-300 фунт стерлинг еді. 

Университетте қалай достар табу керегін білетінмін. Сайт жасау бойынша клиенттерім көбейді. Бірде 600 доллар табыс таптым. Өзімді Ғаламшардың патшасы сезінгенім рас", –  деп еске алды жас кәсіпкер.

Асқардың айтуынша, Англияда табыс табу үшін жұмыс істеу керек болған. Ал мұны университет қабырғасынан бастап ойластыру керек дейді. Осы мақсатта ол 2 және 3-курста 400-ден астам қызмет орнына өтініш білдіріп, 50-60 сұхбатқа барған екен. 

"Бұл кезде мен стпиендия алмайтын едім. Келісімшарттың ақысын төлеу керек болды. Сондықтан досым екеуміз қулыққа барып, 3 бөлмелі пәтерді жалға алдық. Екі бөлмесінде өзіміз тұрып, үшінші бөлмені жалға бердік. 3 айдың ішінде 7 700 фунт жинап, келісімшартты 6 ай алдын ала төлеп тастадық. Барлығы жақсы келе жатқан. Бірақ кейін бұған тыйым салынды", – дейді ол.

Оның сөзінше, жұмыс табу қиынға соққан. Себебі виза алу үшін демеушілік қажет екенін естігенде, көпшілігі бас тартқан екен. Алайда қазір өзі де кәсіп иесі болғандықтан, шетелдік қызметкерді жұмысқа алудың қаншалықты қиын екенін түсіндім дейді ол. 

"Лицензия алу – 2 000 фунт, апликация – 1 500 фунт, заңгер жалдау тағы 1 000 фунт. Бір шетелдік кандидатқа 4 000-5 000 фунтқа шығындалу керек. Ал кәсіпорындар мұны қаламайды. 

Осылайша соңғы курсқа келдім. Жұмыс таба алмадым. Ал мұнда жақсы оқитындарға диссертациялық жобаның орнына өз стартап-модульін жүзеге асыру туралы ұсыныс тасталады. Барлығы осыдан басталды деуге болады", –  деді Асқар Бөлегенов. 

Стартап бастау үшін Асқар команда жинаған. Бастапқыда электрлі велосипедті жалға беруді ойлаған, бірақ кейін бұл идеяны тоқтата тұрған. 

"Бірде жаттығу залынан үйге келіп, үш досымнан құлпынай мен шоколад алып келулерін сұрадым. Әрине, олар менің өтінішім жайлы ұмытып кетті. Мен азық-түлікті 3-4 фунтқа әкеліп беретін сервистің жоқ екеніне наразылығымды білдірдім. Осылайша "Grocemania" туралы идея туындады. 

Желтоқсан айы еді. Барлығы қысқы демалысқа кетті. Ал келген соң компанияны тіркедік. 

Сайт жасап, алғашқы 5 дүкенмен келісімшартқа отырдық. Бастапқыда аптасына тек 5-10 тапсырыс қана келіп түсетін. Күніне бір тапсырыстың өзі жақсы еді. Алғашқы 3-4 ай digital-маркетингті меңгеруге кетті. Әр адамға түрлі міндет жүктелді. Бірі дүкендерді аралап, келісім жасауға көндіретін. Ал екінші адам бағаны реттеп, ішкі жүйені қалыпқа келтіретін. Ал мен жаңа мүмкіндіктер мен инвестициялар іздедім. Бұл 2016 жылдың желтоқсаны еді", – деді кәсіпкер. 

Оның сөзінше, Grocemania Ұлыбританиядағы алғашқы азық-түлік жеткізу қызметі болған. Ал Glovo тек бір жылдан кейін пайда болыпты. Алғашқыда инвесторлар сенімсіздікпен қарағанын жасырмайды. Кейбірі "Егер мен барып тауарды ұстап көргім келсе, 20-30 минутта жеткізіп берудің не қажеті бар?" деп те айтқан. 

Бұл кезде Ocado атты сервис жұмыс істеген екен. Сервистің ірі қоймалары болған. Қоймалардағы 20 000 түрлі тауарды роботтар клиентке жеткізу үшін дайындайды. Бірақ тауар жеткізілетін арнаулы уақытты таңдау қажет болған. 

"Краудфандинг арқылы алғашқыда 77 000 фунт, екінші рет 88 000 фунт, ал үшіншісінде 177 00 фунт жинадық. Бұл деңгейде бір сайтымызды ретке келтіріп, мобильді қосымшаны іске қостық. Бізді байқаған Costcutter дүкендер желісі өздерінің 13 дүкенін берді. Қиындықтар болды, бірақ шешімі жылдам табылып отырды. 

Тырысу арқылы Grocemania командасы бірте-бірте өсе бастады. Алғашқы 2 жылда табыс болмады. Тек пәтеріміздің ақшасын төледік. 

Лондонда келісім жасалған дүкендер саны 60-қа жеткенде азық-түлікті өзіміз тасымау үшін қызметкер жалдадық. 2 жыл бойы барлық мәселемен өзіміз шұғылдандық", – деп қосты Асқар. 

Асқардың айтуынша, Лондондағы дүкендердің 80% үнді диаспорасына тиесілі. Жаңа сервис жайлы әңгіме жылдам тарағандықтан, кей дүкендер өздері хабарласа бастаған көрінеді. Осылайша айналым да ұлғая түскен. 

Кәсіпкер пандемия басталғалы инвесторлар жылдам коммерцияға 20 миллиард доллар салғанын айтады. Қазір осы салада жұмыс істейтін бірнеше компаниялар бар екен. Алайда танымал болғандықтан оларға инвестиция көзін табу оңайға соғып отыр дейді. 

"Күш трендте. Оларға инвесторлар 100 миллион беруге дайын, ал бізге 2 миллион да бермейді. Бұған қарамастан өткен жылы бізде 200-ге жуық дүкен болды. Айналым 640 000 фунтқа тең. Біз 50 қор және капиталистермен сөйлесіп көрдік, барлығы айналым 1 миллионнан асу керегін айтты. 

Стартап жүргізу қиын деген рас. Дамыған елдерде әділетсіздіктер орын алып тұрады. Ақша болса ісің өрге домалайды. Біздің жағдайда біз 0-ден бастадық. Әр шығынды ойладық. Әлеуметтік желіде барлығы оңай болды деп жазатындардікі бос сөз", - дейді өз кәсібі туралы сөз қозғаған кәсіпкер.

Grocemania қазір клиенттер қаржысына күн көруде. Жаңа қалаларға өтіп, келісімшарттар санын көбейтуде. Сонымен қатар краудфандинг арқылы келген 600 акционері бар. Асқардың өзі Grocemania-ны "шағын мемлекет" деп атайды. 

Кәсіпкер қазір Nippy жаңа жобаны қолға алған. Бұл – шағын қоймалар желісі. Мұнда клиент азық-түлікті көтермеде бағада сатып ала алады. Ал жеткізу уақыты 15-20 минут. 

"Nippy-дің артықшылығы тұтынушы үшін көтерме бағада сатып ала алуында. Алғашқы шағын қойма жарты жыл бұрын ашылған. Екіншісі үш ай бұрын. Бірінші қойма өзін 2021 жылдың желтоқсанында ақтады, айлық айналым – 42 000 фунт. Үш қызметкер жұмыс істейді. Шағын қоймаларда 700-1000 түрлі тауар сақталады", – дейді Асқар. 

Асқар Nippy-ді одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Бәсекеге қарамастан табысты арттыруды ойға алған. 

"Әрине, елге оралуды да жоспарлап отырмын. Оппозиционермін деуге болады. Митингке шығып, ойымды білдіремін. Қаңтарда болған жағдайдан кейін өзімді қоярға жер таппадым. Отбасыммен хабарласа алмадым. Лондонда 60-қа жуық адам жиналып, митинг өткіздік. 

Қаржысыз Қазақстанға өз пайдаңды тигізу – қиын мәселе. Посткеңестік шенеуніктердің тек айтып, ештеңе істемейтінін бәріміз білеміз. Қазір бірнеше жоспарым бар. Оларды елге барып жүзеге асырғым келеді", – деп түйіндеді Асқар Бөлегенов.

Талқылау