Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сотта жылап жіберді": "Қазақтың Робин Гуды" атанған блогерге үкім шықты

Блогер Ілияс Сариевке сот үкімі шықтыФото: instagram.com/qazaq_robin_hood

“Елге көмек” қайырымдылық қорының жетекшісі Ілияс Сариевке сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Тергеу нұсқасына сәйкес, Сариев ауыр науқастардың туыстарынан желідегі қаражат жинау туралы жазба үшін ақша алған. Ол науқастардың туыстарына өзінің Instagram парақшасында видео жариялап, емдеу үшін қаражат жинап беремін деп уәде еткен. Алайда бұл әрекетті орындамаған. Нәтижесінде емге көмек күткен отбасылар ешқандай қаражат алмаған. Барлығы алты адам зардап шеккен.

Сонымен қатар блогер екінші сотталушы Ақтоты Дүйсееваға тиесілі турфирманы жарнамалаған. Жеке тұлғаларға қажылық пен умраға баратын жолдамалар сатылып, оларды зияратқа жібереміз деп уәде берілген. Тергеу мәліметінше, бұл жағдайда 20 адам зардап шеккен.

26 жәбірленушіге келтірілген залалдың жалпы сомасы 35 миллион теңгеден асты. Зардап шеккендердің шығыны 500 мың теңгеден бастап, 6 миллион теңгеге дейін жеткен.

Сотта сөйлеген сөзінде Ілияс Сәриев кінәсіз екенін мәлімдеп, қайырымдылық видеоларына қатысты алты жәбірленушіден кешірім сұрады. Ол видеолардың не себепті жарияланбағанын түсіндіріп, ешкімді алдау ниеті болмағанын айтты.

“Менің адамдарды алдаймын деп ойламадым. Барлығын дәлелдедім. Түсірген бейнелерді көрсеттім, олардың неге жарияланбағанын түсіндірдім. Парақшаның охваты мен статистикасы түсіп кетті. Видеоны сәуірде салуым керек еді, бірақ сол уақытта мен қамауға алынды”, – деді сотталушы.

Сәриев турфирмаға қатысты істе өзін кінәсіз деп санайды. Ол тек турфирманы жарнамалағанын, ал қажылыққа барушылардан ақша алмағанын алға тартты. Алайда, бұған дейін сотта Ақтоты Дүйсеева Сәриевтің оның банктік шоттарына толық қолжетімді болғанын және 2024 жылы ірі көлемде ақша шешіп алып, оны құмар ойындарға жұмсағанын айтқан. Сәриев бұл айып дәлелденбегенін атап өтті.

Ілиястың адвокаты Эльнұра Кішкенебаева оны 20 эпизод бойынша ақтауды сұрады. Оның пікірінше, Сәриевтің бұл істерге қатысы жоқ. Сондай-ақ алты эпизодтың қылмыстық емес, әкімшілік құқықбұзушылық деңгейінде қарастырылуы тиіс екенін айтты.

“Ілияс Сәриев қоғамға еңбегімен, азаматтық белсенділігімен, жақсы мінезімен белгілі. Ол адамдарға көмектескені үшін "Робин Гуд" деген бейресми атақ алған. Алты жәбірленушінің үшеуі оны кешірді. Қалған эпизодтар әкімшілік тәртіпте қаралуы керек деп санаймыз. Қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмағандықтан, менің қорғауымдағы азаматты ақтауды сұраймын”, – деді адвокат.

Соңғы сөзінде Сәриев көз жасына ерік берді. Ол өзінің асырауында бес кәмелетке толмаған бала мен жұмыссыз әйелі бар екенін айтып, жазаны жеңілдетуді сұрады.

“Барлығынан кешірім сұраймын. Соттан мені ақтауды немесе ең жеңіл жаза тағайындауды сұраймын. Сіз де әкесіз ғой, құрметті сот. Менің бес балам бар. Төртеуі қыз, біреуі ұл. Конституцияның 30 жылдығына байланысты амнистия қолдануды сұраймын”, – деді ол.

"6 миллион теңге несие алдыртқан": "Робин Гуд" деп танылған Ілияс Сариевтың сотында жәбірленуші кешірім бермейтінін айтты


Сотталушы Ақтоты Дүйсеева 20 эпизод бойынша кінәсін мойындап, жәбірленушілерден кешірім сұрады. Ол да жылап жіберді.

“Шын жүректен кешірім сұраймын. Бұл сот мен үшін өмірлік сабақ болды. Барлық жеңілдететін жағдайларды ескеріп, Қылмыстық кодекстің 74-бабын қолданып, жазаны кейінге шегеруді сұраймын. Менің жалғыз 10 жастағы ұлым бар, ол қазір әкемнің қолында”, – деді Дүйсеева.

Оның адвокаты да ҚК-нің 74-бабын қолдануды сұрап, сотталушының алғаш рет қылмыстық жауапкершілікке тартылып отырғанын, тергеумен белсенді ынтымақтастық жасағанын және кінәсін мойындағанын атап өтті. Сонымен бірге Конституцияның 30 жылдығына байланысты амнистия мүмкіндігін қарастыруды өтінді.

Жәбірленушілердің адвокаты Жандос Палманов амнистия тек кішкентай балалары бар әйелдерге қолданылатынын, бірақ ол тек ауыр емес қылмыстарға қатысты екенін ескертті. Ал бұл іс ауыр санатқа жатады.

Ілияс Сәриев 3 жыл 8 айға, оның серіктесі Мекке апаратын "MM Travel"  турфирмасының директоры Ақтоты Дүйсееваға 3 жылға сотталды.

Дүйсееваның кәмелет жасына толмаған баласының болуына байланысты жазасын өтеу уақыты кейінге шегерілді. Ол сот залынан босатылды.

Еске салсақ, бұған дейін "Қазақ Робин Гуд" деп танылған блогер алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталғаны туралы жазған едік. 22 қыркүйекте өткен сот отырысында жәбірленушілердің бірі баласының еміне ақша жинап беруі үшін 750 мың теңге жібергенін айтты. Осыған дейін өткен сот отырысы кезінде прокурор Ілияс Сариевті 6 жылға соттауды сұраған еді. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 04 Желтоқсан, 2025 20:50