Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елена Рыбакина әлемнің екінші ракеткасын жеңіп Australian Open турнирінің жартылай финалына жолдама алды

Елена Рыбакина Australian Open турнирінің жартылай финалына жолдама алды

Фото: Instagram.com/wta

Әлемнің бесінші ракеткасы, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина әлемнің екінші ракеткасын шаң қаптырып, Австралияның ашық чемпионатының жартылай финалына жолдама алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Vesti.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Australian Open турнирінің ширек финалында WTA рейтингінде 5-орында тұрған қазақстандық теннисші әлемнің екінші ракеткасы, Польша өкілі Ига Швёнтекті жеңіп, екі сетте матчты 7:5, 6:1 нәтижемен аяқтады.

Кездесу тартысты басталды, алғашқы партияда қарсыластар ұзақ уақыт бойы тең ойнады. Алайда сет соңында Рыбакина шешуші сәтте барын салып қарсыласын жеңіп кетті.

Екінші партияда қазақстандық теннисшінің басымдығы айқын байқалды. Ол допты ойынға “әдемі” қосып, сенімді әрі қатесіз ойнады. Осылайша Швёнтекті ойсырата жеңді. Нәтижесінде Рыбакина Мельбурндегі “мэйджор” турнирінің жартылай финалына жолдама алды.

Australian Open финалына шығу үшін Елена Рыбакина америкалық теннисшілердің бірі – Джессика Пегула немесе Аманда Анисимовамен кездеседі.

Айта кетейік, турнир барысында Рыбакина тұрақты әрі сенімді ойын көрсетіп келеді. Бұған дейін ол словениялық Кайя Юванды (6:4, 6:3), франциялық Варвара Грачёваны (7:5, 6:2), чехиялық Тереза Валентовуды (6:2, 6:3) және бельгиялық Элизе Мертенсті (6:1, 6:3) жеңіп, қарсыластарына бірде-бір сет берген жоқ.

Australian Open 2026 турнирі 18 қаңтар мен 1 ақпан аралығында өтіп жатыр. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 74,9 миллион доллар. Турнир жеңімпазы 2 793 365 доллар және рейтингке 2000 ұпай алады.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 28 Қаңтар, 2026 08:58