Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Электронды еңбек биржасы дегеніміз не: Платформа мүмкіндіктері

Жұмыссыз адамға екі қолға бір күрек табу оңай емес. Оның үстіне жұмыс іздеу біршама уақытты талап ететіні белгілі. Алайда қазақстандықтар үшін Enbek.kz электронды еңбек биржасы бұл істі айтарлықтай жеңілдетті. Бос жұмыс орындары күнделікті жаңартылып отыратын платформа туралы толығырақ осы материалдан білуге болады.

Enbek.kz электронды еңбек биржасы – жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілердің басын қосатын бірыңғай цифрлық экожүйе. Электронды еңбек биржасы – жұмыс іздеушілерге де, жұмыс берушілерге де ыңғайлы әрі оңай заманауи құрал. Бұған күн өткен сайын қазақстандықтардың көзі жетіп келеді.

Бүгінгі таңда платформада түрлі пайдалы алаң біріктірілген, олар – жұмысқа орналастыру порталы @enbek.kz , онлайн оқыту платформасы @skills.enbek.kz , кәсіпкерлік бастамалардың бірыңғай терезесі @business.enbek.kz және еңбек ресурстары порталы @hr.enbek.kz. Сондай-ақ жақында бұл экожүйеге біліктілік жүйесі қатысушыларының өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін @career.enbek.kz қосылды. Барлық портал өзара біріктірілген, соның арқасында пайдаланушылар аталған алаңдарға бір рет тіркеуден өтіп, кіре алады.

Enbek.kz пайдаланушысына:

  • порталда тіркелу арқылы түйіндеме орналастыруға, ал жұмыс берушіге бос орын туралы хабарлама қалдыруға;
  • сұхбатқа шақырту алып, жұмысқа орналасуға немесе жұмыс орнын ұсынуға;
  • мансап орталығына өзекті бос жұмыс орындары туралы мәлімет беруге;
  • онлайн режимде статистикалық есеп беруге мүмкіндік береді. 

Электронды еңбек биржасы құрылғаннан бері біртіндеп дамып, халықты жұмыспен қамту саласындағы бірегей алаңға айналды. Онда қызметкерлерді іздеу және іріктеу бойынша қызметтер ауқымы үнемі кеңейтіліп отырады. 

Қазіргі таңда порталда жұмыс іздеуші түйіндемесінде көрсеткен кәсіби дағдыларының негізінде бос жұмыс орындары автоматты түрде іріктеледі. Сонымен қатар электронды еңбек биржасында мемлекеттік қызметке бос орындар жарияланып отырады. 

Электронды еңбек биржасының тиімділігі мұнымен бітпейді. Enbek.kz-те бірқатар мемлекеттік қызметті онлайн алуға мүмкіндік бар.

Мысалы Enbek.kz арқылы жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелуге, бос жұмыс орындарына іріктеуге қатысуға, жұмыссыз мәртебесін алуға, жұмысынан айырылған жағдайдағы әлеуметтік төлемге өтініш беруге, жұмыспен қамту бағытындағы ұлттық жобаларға қатысып, уақытша жұмыс орындарына орналасуға және жұмыс күші артық аймақтардан жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныс аударуға өтініш беруге болады. Одан бөлек, Skills.Enbek.kz онлайн-оқыту платформасында жаңа дағдыларды үйренеді, Business.Enbek.kz кәсіпкерлерді қолдау шарасы аясында "Бастау Бизнес" курсына тіркеліп, онлайн-оқудан өтуге, қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болу мүмкіндігі бар.

Қазіргі таңда электронды еңбек биржасы халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту үшін жаңа мүмкіндіктер қосу үстінде. Солардың бірі - Tanda.enbek.kz бос жұмыс орындарының онлайн-жәрмеңкесі. 

Жәрмеңкеде әр түрлі мамандық бойынша бос жұмыс орындары ұсынылады.

Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер өз компанияларын онлайн түрде таныстырады, бос жұмыс орындарын ұсынады және ең қолайлы кандидаттардың жеке базасын қалыптастырады. Өтініш берушілер өз кезегінде ұйымдардың HR-менеджерлерімен сөйлесе алады, әңгімелесуден өтіп, оларға өз сұрақтарын қоя алады. Бос жұмыс орнына кандидатпен видео-сұхбат жасау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл кандидаттарды жұмысқа қабылдау уақытын едәуір қысқартып, оларды көп сатылы іріктеуден өткізу мен бос орындарды толтыру үдерісін жеделдетуге әсерін тигізуде. 

Іс-шараға қатысу үшін электронды еңбек биржасы порталындағы Tanda.Enbek арнайы бөліміне кіру керек, онда жұмыс іздеушілер жұмыс берушілер туралы қысқаша ақпаратпен танысып, қолжетімді бос жұмыс орындарын қарап, оларға жауап бере алады.

Бос жұмыс орындарының онлайн-жәрмеңкесі елімізде кезең кезеңімен басталып кетті.
Enbek.kz порталында жұмыссыздар үшін мемлекет субсидиялайтын бос жұмыс орындары қол жетімді. 

Онда пайдаланушы қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, күміс жас, ұрпақтар келісімшарты, алғашқы жұмыс орны бойынша бос орындарды таңдай алады.

Электронды еңбек биржасы арқылы шетелден де жұмыс табуға мүмкіндік бар. Ол үшін Enbek.kz-тегі "Шекарасыз жұмыс" қызметін пайдалану қажет. Онда Армения, Беларусь, Ресей мен Қырғызстанда мансап жасағысы келетіндер өтініш беріп, бағын сынап көруге болады.

Электронды еңбек биржасындағы барлық қызметті Enbek мобильді қосымшасы арқылы алуға да болады. Сайтпен толығымен синхрондалған қосымша барлық пайдаланушы үшін PlayMarket және AppStore дүкендерінде қолжетімді.

Enbek мобильді қосымшасында пайдаланушылар өздерін қызықтырған бос жұмыс орындарын қарап және жұмыс берушілерден шақыру ала алады. Сондай-ақ қосымшада жұмыссыз ретінде тіркелу және жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алу мүмкіндігі бар.

Электронды еңбек биржасы жұмыс іздеушінің әлеуметтік жағдайына қарамастан кез келген өтініш берушіні жұмысқа орналасуға көмектесу үшін құрылған. Онда біліктілігі жоқ қарапайым жұмысшыдан бастап, қатардағы маман, жоғары жалақы төленетін басшылық қызметке дейін бос жұмыс орындары ұсынылады. Бұл цифрлы экожүйе азаматтарды мамандық таңдаудан бастап жұмыс берушімен еңбек шартын ресімдеуге дейін сүйемелдеп келеді.

Талқылау