Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Электромобильдер Қазақстан экономикасын құлдыратуы мүмкін – Сенатор

Фото: freepik.com

Парламент палаталарының 2025 жылғы 27 маусымдағы бірлескен отырысында сенатор Ләззат Рысбекова қазіргі тұрақтылыққа қарамастан, Қазақстан экономикасы шикізат экспортына, соның ішінде мұнайға қатты тәуелді болып отырғанын атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сенат депутаты 2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуына қатысты есепке пікірін білдіріп, Қазақстан экономикасына әлі де ресурстық тәуелділік әсерін тигізіп отырғанын атап өтті.

"Ұлттық экономикаға ықпал етуді жалғастырып отырған негізгі факторлар: мұнайдың әлемдік бағасының төмендеуі, валюта бағамдарының, соның ішінде Ресей рублінің әлсіреуімен байланысты ауытқуы, мемлекеттік шығыстардың артуы. Бұл өз кезегінде инфляцияның және бюджет тапшылығының өсуіне алып келеді. Экспорт құрылымында шикізат тауарлары айтарлықтай басым, бұл да біздің экономиканы, олардың әлемдік бағасының құбылмалылығаны неғұрлым осал етеді", – деп мәлімдеді сенатор.

Экономиканың әлемдік шикізат бағасына тәуелділігі көптеген ел үшін, әсіресе шикізатты көп экспорттайтын елдер үшін өзекті мәселе болып отыр.

"Халықаралық валюта қорының зерттеулеріне сәйкес, 2040 жылдың басына қарай мұнай бағасы барреліне 15 доллар деңгейіне дейін құлдырауы мүмкін. Бұған электромобильдердің жаһанда кең таралуы және іштен жанатын қозғалтқышы бар автомобильдерден жаппай бас тарту себеп болады. Валюта қорының бағалауынша, экономикасын уақытында әртараптандырып үлгермеген елдер ұзақ әрі ауыр дағдарысқа ұшырайды. Мұндай елдердің экономикасын қалпына келтіруге кемінде 20 жыл қажет болуы мүмкін", – деп мәлімдеді сенатор Ләззат Рысбекова.

Мұнай экспорттаушы елдерге, соның ішінде Қазақстанға да қауіп-қатер төнуі мүмкін. 2024 жылы Қазақстан экспортының жартысынан астамын шикі мұнай алды. Ал одан түскен табыс республикалық бюджеттің шамамен жартысын қамтамасыз етіп отыр.

"Соңғы айларда мұнай бағасының қатты құбылғанын байқап отырмыз, бұл еліміздің экономикалық жағдай мен бюджеттің кіріс бөлігіне әсер етеді. Халықаралық валюта қорының бағалауынша, батыл шаралар қабылданбаса, Қазақстан 678 миллиард доллар көлемінде шығынға ұшырайды", – деді Ляззат Рысбекова.

Еске салсақ, осы жылдың сәуірінде Brent маркалы мұнайдың бағасы 2021 жылдан бері алғаш рет барреліне 65 доллардан төмендеді.

Аида Тақабаева
Жұма, 27 Маусым, 2025 13:39
Талқылау