Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Электр қуаты да, интернет те, қоқыс жәшігі де жоқ": Сенатор Сұлтан Дүйсембинов елдегі туризм саласын сынады

Сенаттың жалпы отырысында депутат Сұлтан Дүйсембинов елдегі туризм саласындағы проблемаларды атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: bangkokbook.ru

Сенатор өзінің депутаттық сауалында туризмді дамыту ең алдымен экономикалық өсімнің маңызды факторы екенін атап өтті. Депуаттың айтуынша, бұл саланы дұрыс жолға қойса әрбір екінші шетелдік турист кем дегенде бір жұмыс орнын ашуға ықпал етеді.

“Дүниежүзілік туристік ұйымның мәліметтері бойынша туризм экономиканың мұнай өндіруден кейінгі екінші рентабельді секторы болады екен. Қазақстанда табиғи парктерде экотуризмді дамытуға зор мүмкіндік бар. Алайда тиісті инфрақұрылымның болмауы бұл процесті шектеп отыр”,  – деді сенатор.

Сенат депутаты елдегі демалыс орындарына келушілерге дұрыс жағдай жасалмағанын да атап өтті. 

“Мәселен, жазғы демалыс уақытында Алакөл жағалауындағы демалыс аймақтарында электр энергиясы қуатының жетіспеушілігі байқалады, интернет пен байланыс сапасы сын көтермейді, жағалауларды бекіту жұмыстарын жүргізуге бөлінген қаражат 3 жылдан бері игерілмей келе жатыр. Есік көлінің аумағында жеке гигиена пункттері, қоқыс жәшіктері, көрнекі ақпараттық стендтер мен нұсқаулықтар, телефон байланысы мен интернет секілді қарапайым қажет жағдайлар жасалмаған, демалыс объектілері абаттандырылмаған. Мұндай жағдайда қауіпсіздік пен жайлылықты қалай қамтамасыз етеміз”, – деді депутат өз баяндамасында.

Туризм саласын дамыту мақсатында Жетісу облысы әкімдігімен дайындалған сметалық құны 4,9 млрд теңгені құрайтын “Балқаш” демалыс аймағының инженерлік коммуникациялық желілерін салу жобасы әлі шешімін таппағанын да айтып өтті. Айтуынша 5 жылдан бері көлге баратын жолдың жөндеу жұмыстары бітпеген. Бұдан бөлек, Талғар ауданының "Ойқарағай" тау шаңғы кешенінің толық мүмкіндігі әлі күнге дейін пайдаланылмай келеді. 

“Туристтік мақсатта келген шетелдіктер орта есеппен елімізде 4 күн ғана болған деген ақпарат бар. Ал 3-4 күнде ең болмаса бір қаланы  аралап үлгеруге болады ма?! 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елімізге келуші турист саны 3,4 млн адам болса, басқа елдерге демалуға барған қазақстандықтардың саны 5,6 млн. Отандастарымыздың басым бөлігі елімізде демалғаннан гөрі шетелге шығып демалуды қалайды. Себебі қызмет көрсету сапасы біздікінен әлдеқайда жоғары”,- деді ол.

 Депутат туристерге қызмет көрсету саласын дамытуға шаруақожалық иелері де ат салысса болады деген ұсыныс тастады. Айтуынша, қонақүйлер салып, өздерінің экологиялық таза тамағын ұсынса олардың табысы артып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізер еді.

Сенатор туризмді дамытуға қандай жағдайлар кедергі болып жатқанын да тілге тиек етті.

“Мемлекет тарапынан туризмді нақты дамытуға жағдай жасайтын бағдарламаның, тиісті жүйенің жоқтығы, мемлекеттік органдардағы бюрократия, ұлттық парктер мен туризм саласын реттейтін заңдар арасындағы үйлесімдіктің жоқтығы кедергі болуда, осы саладағы бизнес өкілдері өз бетінше тіршілік жасап жатқандарын байқаймыз. Сондықтан туризмді экономиканың толыққанды драйверіне айналдыруға нақты жағдай жасайтын, еліміздің туристік әлеуетін толық пайдалануға бағытталған жаңа мемлекеттік бағдарлама әзірлеу ұсынылады”, – деді Сұлтан Дүйсембинов.
 

Талқылау