Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елдос Қоспаевтың Алматыдағы үйі 5 миллиард теңгеге бағаланды

Елдос Қоспаевтың Алматыдағы үйі 5 миллиард теңгеге бағаландыФото: Қаржы мониторингі агенттігі

Елдос Қоспаевтың тұрғын үй кешені 5 миллиард теңгеге бағаланды, алайда ол нысан мемлекетік органдарға тегін берілуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті Алматыдағы Esentai City тұрғын үй кешенінде орналасқан жылжымайтын мүлік нысандарын қайтадан саудаға шығарды.

Бұл жолы құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарға Әл-Фараби даңғылы, 116/57 мекенжайындағы көпфункциялы тұрғын үй кешенін өз балансына қабылдау ұсынылды. Ғимараттың жалпы аумағы – 1536,5 шаршы метр, ал жер телімінің көлемі – 0,3950 гектар.

Айта кетейік, бастапқыда бұл аумақта саябақ салу жоспарланған.

“116/57-үй бекітілген жобаға енгізілмеген. Оның орнында (аумағы 0,3950 га жер телімінде) Есентай өзеніне көркем көрініс ашылатын, жалпыға ортақ пайдалануға арналған саябақ аймағы болуға тиіс еді”, – делінген Қоспаев ісі бойынша үкімде.

Алайда саябақтың орнына бұл жерде тұрғын үй кешені бой көтерген. 2021 жылғы наурызда Елдос Қоспаев бұл нысанды небәрі 46,3 миллион теңгеге сатып алған. Ал жүргізілген аудит нәтижесінде нысанның құны 5 миллиард теңге деп бағаланған: оның 4 млрд теңгесі ғимараттың өзіне, 957 миллион теңгесі жер теліміне тиесілі.

Жалпы, Мемлекеттік мүлік департаменті Алматыдағы Елдос Қоспаевқа тиесілі 23 жылжымайтын мүлік нысанын бағалаған. Болжам бойынша, оның барлығы да саудаға шығарылуы мүмкін.


Алматыда Елдос Қоспаевтан қайтарылған "Никольский" базарын қайтадан заңсыз сатпақ болған

Алматы полициясы тәркіленген Mercedes-Benz G-Class көліктерін пайдаланатын болды


Еске салайық, бұған дейін алаяқтар Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобынан тәркіленген базарды шетелдіктерге сатпақ болғанын жазған едік. Қаржы мониторингі агенттігі "AV-Construction" ЖШС, "Шыны зауыты" ЖШС, "Шалқар 17" ЖШС, "Бахар-А" ЖШС және басқа да кәсіпорындарды рейдерлік жолмен басып алды деген күдікке ілінген Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты тың деректерді мәлімдеді. Сот Айдос Қоспаев құрылтайшы болған, "Nikolsky Investment" ЖШС тиесілі Алматы қаласындағы "Никольский" базарының аумағында орналасқан жер учаскесі мен мүлікке тыйым салды. 

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 06 Наурыз, 2026 16:03