"Елдің қалай күнелтіп отырғанын көріп шошыдым": Депутат Алматы маңындағы саяжайларға ауыл мәртебесін беруді сұрады
Депутат Мақсат Толықбай Алматының айналасында тұратын жарты миллион адамның үндеуін мәжілістің жалпы отырысында Үкіметке жолдады. Ол таяуда Алматы облысының аудандарын аралап, мыңдаған тұрғынмен кездесу өткізгенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: mazhilis_kz / видеодан скриншот
Халықпен кездесу барысында саяжай алаптарында тұратын елдің тұрмыс-тіршілігін көзбен көріп қайтқанын айтты.
“Саяжай алаптарында тұратын елдің қалай күнелтіп отырғанын көріп шошыдым. Қонаев қаласы, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл, Іле ауданының өзінде 674 саяжай бар. Тұрғындарының саны бес жүз мыңға жақындаған. Бұл деректің өзін де нақты айту қиын. Себебі, азаматтар тұрғылықты мекен-жай бойынша тіркеле алмаған соң, жәрдемақы мен мемлекеттік көмек алу үшін Алматы қаласына тіркелуге мәжбүр”, -деді депутат өз баяндамасында.
Депутаттың атап өткендей, халық қысы-жазы тұрғынжай етіп отырған жүздеген саяжайда мектеп, балабақша, қоғамдық көлік қатынасы, медициналық жәрдем көрсету, асфальт, пошта, байланыс пунктері әлеуметтік қызмет инфрақұрылымы, әлеуметтік нысандар атымен жоқ. Электр қуатына дейін жекенің қолында. Жергілікті тұрғын екі есе тарифпен төлеуге мәжбүр.
"Оқу жылы басталғалы балалар бірнеше шақырым жердегі мектепке балшықпен барып, кейде итерге таланып жатыр. Айта берсек, мұндай мысалдар көп. Қысқасы, жүздеген мың отандасымыздың сұрайтыны - "ауыл" статусы. Өйткені, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар бюджет қаражатын қалалық және ауылдық аумақтарды дамытуға ғана бөле алады. Бұл түйткілді мәселені үкіметтің деңгейінде күн тәртібіне шығармасақ, бұның арты үлкен әлеуметтік шиеленіске алып келуі мүмкін",- деп атап өтті депутат.
Мақсат Толықбай саяжайлардың территориясын қасындағы ауылдық округтерге қосып немесе "ауыл" статусын бере салғанмен проблема шешіле қалмайтынын атап өтті. Оның айтуынша бұл мәселеге бір ғана облыс әкімдігінің шамасы жетпейді.
“Көп қаржыны қажет етеді. Сондықтан, Үкімет жедел әрекет етіп, саяжай мәселесін шешуге арналған нақты, ауқымды бағдарлама әзірлеу керек. Ашығында, бұл Алматы облысында ғана емес, байтақ қазақстанның әр өңіріндегі түйнек. Өз тарапымыздан аталған мәселені бақылауға алып, қоғамдық талқылау жасайтын боламыз”,- деді ол.