Елдегі су тасқыны: Үш аймақта тасқынның белсенді кезеңі аяқталды
Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздің үш аймағындағы су қоймаларында тасқынның белсенді кезеңі аяқталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі
Министрлік тасқын суын қабылдау және қауіпсіз өткізу үшін еліміздің солтүстік, батыс, шығыс және орталық аймақтарындағы ірі су қоймаларынан су жіберіп жатқанын мәлімдеді.
“Ақтөбе, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының су қоймаларында су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Ақмола облысында Астана су қоймасынан секундына 230,56 текше метр, Сілеті су қоймасынан 151,74 текше метр, Шағалалы су қоймасынан секундына 15,21 текше метр су жіберіліп жатыр. Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма су қоймасынан секундына 436 текше метр, ал, Өскемен су қоймасынан 450 текше метр су жіберіліп жатыр. Абай облысындағы Шүлбі су қоймасынан секундына 740 текше метр су жіберілуде”, – делінген хабарламада.
Министрлік мәліметінше Қарағанды облысында Ынтымақ су қоймасынан секундына 8 текше метр, Самарқан су қоймасынан 2 текше метр су жіберіліп жатыр.
“Ұлытау облысы Кеңгір су қоймасынан секундына 234,8 текше метр су жіберілуде. Солтүстік Қазақстан облысында Сергеев су қоймасынан секундына 1186,4 текше метр, Петропавл су қоймасынан 718 текше метр су жіберіліп жатыр”, – деп түйіндеді министрліктің баспасөз қызметі.