Елбасы қаржы министріне: Бұл екінші ескерту, үшіншісі соңғы болуы мүмкін
Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов елбасыдан сөз естіді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тексерушілер санын қысқартуды ескере отырып, қадағалау-тексеру қызметтеріне ауқымды ревизия жүргізуді тапсырған болатынмын. Салық органдарын оңтайландырып, қызметкерлер санын қысқартуы керек еді. Нақтырақ айтқанда, ведомство (Қаржы министрлігі – авт.) 600 адам туралы айтты. Енді сіздер қысқартудың орнына, оларды басқа бағыттарға ауыстыратындарыңды айтып жатсыздар. Бұл қаншалықты өзін ақтайды», – деп сұрады президент қаржы министрі Бақыт Сұлтановтан.
«Жалпы бұл тексерушілер басқа бағытқа ауыстырылды. Себебі қазіргі кезде Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында ауқымды жұмыстар басталды. Бұл жердегі кейбір бекеттер бойынша тәулік бойы бақылауға көштік. Сондықтан адамдардың бір бөлігін осында көшірдік. Бұдан бөлек, тексерушілердің негізгі бөлігін экспорттық бақылау бойынша мақсаттарды шешуге ауыстырудамыз. Бұл міндетті институционалды түрде бекітіп, жақын арада қайта құрылымдауымыз керек. Тексерушілер санын 600 мың адамға азайтып, оларды аталған бағыттарға ауыстырамыз», – деді Бақыт Сұлтанов.
Министрдің сөзіне қарағанда, ведомство тарапынан тексерулерді 37,5 пайызға қысқарту жоспарланған. Дегенмен, бұл жоспар артығымен орындалып, салықтық әрі кедендік тексерулер 45 пайызға азайды.
Алайда мемлекет басшысы министрге кезекті ескертуін жасады.
«Мен саған (Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов – авт.) екінші ескертуімді жасаймын. Үшіншісі соңғы болуы мүмкін. Жұмысыңды атқар. Барлығын тәртіпке келтіру керек, барша Үкімет осымен айналысуы тиіс», – деді ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Тағы да оқыңыз:
Назарбаев Ақышевқа: Не рақмет? Сен мұны баяғыда істеуің керек еді
Назарбаев Сағынтаевқа: жақсы баяндадың, бірақ “самокритика” жоқ
Балғынбек Имашев: “Жүрсіннің жүйрігі” болсақ та, жекеменшік ақыны емеспіз