Елбасы елге ораламын деген қандастарға құжат жинатып, шырғалаң туғызбауды тапсырды
Астанада бесінші дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өтіп жатыр. Жиынды ашып, сөз сөйлеген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев отанына оралғысы келетін қазақтарға жеңілдіктер жасауды тапсырды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
ҚР сыртқы істер министрлігі мен үкіметке берілген тапсырма бойынша енді елге ораламын деген қандастарға қаптаған құжат жинаттырып, шекарада шырғалаңға салу тоқтатылмақ.
«Елім, жерім деп еңіреген әрбір қазаққа Қазақстанның есігі әрқашан ашық, айқара ашық. Ешкімге шектеу жоқ. Жағдай бар, еліме келемін дегендерге қауымдастық арқылы барлық жағдайды жасауымыз керек. Біз көшіп келуге ниет еткен ағайынға жол сілтеуді тұрғылықты жерінен бастауымыз керек. Біздің барлық елдерде Елшіліктеріміз бар. Сол Елшіліктер азаматтардың құжаттарын қамдап, қоныстанатын жері туралы кеңес беруі тиіс. Осында отырған Сыртқы істер министріне тапсырамын. Келемін дегендер шекарада ылғи шырғалаң болып тұрады. Елге келгеннен соң, құжат түгендеу үшін ары-бері сарылу болмауы керек. Қытай қазақтарының сотталғаны немесе сотталмағаны туралы анықтама алу жайы ағайынға проблемалар туғызады. Оны шекара тұрғысынан сол жерде анықтап, елменен ақылдасып, келісіп, шешу керек. Үкіметке осының барлығын кешенді түрде қайта қарап, шешімін табуды тапсырамын», – деді Президент Құрылтайдың ашылу салтанатында.
Бұған дейін Елбасы құрылтай барысында қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақтардың бірлігін нығайтып, рухани жағынан жақындастыра түседі деген болатын.
Оқи отырыңыз:
Назарбаев мектепті бітірген жылы күзетші болып жұмыс істеген
Депутат Хаменова: Мен де елбасын жақсы көрем
Келімбетов зейнетақы қорындағы “ақшаның қайда жатқанын көрсетуді” ұсынды