“Елбасы медалі” енді “Ел үміті” атауына өзгереді
Бұған дейін еліміздегі белсенді азаматтарға табысталып келген “Елбасы медалі” атауы “Ел үміті” болып өзгереді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Фото: ашық ғаламтордан
Құжат “Ашық НҚА” порталында қоғамдық талқылауға шығарылды.Бұған дейін тек "Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры" табыстап келген "Елбасы медалін" енді Оқу-ағарту министрлігі береді. Сонымен қатар жас айырмашылығына да өзгеріс енгізілген. Яғни 29 жасқа дейін берілетін медальді 35-ке дейінгі азаматтарға да табыстау жоспарланған.
“Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі он төрт жастан отыз бес жасқа дейінгі балалар мен жастарды патриоттық танытқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен наградтау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын ұйым (әкімші) болып айқындалсын”, – делінген құжатта.
Өзгеріске 2023 жылғы 13 ақпанда "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" ҚР Конституциялық заңының күшi жойылуы себеп болған.