Елбасы халықты Наурыз мейрамымен құттықтады
Қазақстанның тұңғыш президенті - елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықты Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Біз осы жарқын мейрамды әрдайым асыға күтеміз. Бұл – тіршілік атаулы жанданып, жер-дүние жаңаратын кезең", - деді елбасы.
Назарбаев биыл Наурызды бірінші рет мерекелік жиындар мен салтанатты іс-шараларсыз атап өтілетініне назар аударды.
"Оның өзіндік себебі бар. Бүкіл дүниеге тараған вирус қаупіне тап болдық. Бірақ көктемнің келуі мен мерекелік көңіл-күйге бөленуге ештеңе кедергі бола алмайды. Біз біртұтас халықпыз және елімізді өркендету жолында жұмыла жұмыс істеуге дайынбыз. Еліміздің алдында тұрған барлық сынақтардан ауызбірлік пен табандылықтың арқасында сүрінбей өтетінімізге сенімдімін", - деді тұңғыш президент.
"Ұлтты ұйыстырған дәстүрлі мерекеміз баршаның үмітін ақтап, жаңа белестерді бағындыру үшін күш-қуат пен қажымас қайрат әкелсін. Осынау шуақты мейрамда әрбір шаңырақ шаттық пен игілікке толсын. Баршаңызға ырыс-ынтымақ, денсаулық пен бақ-береке тілеймін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!", - деп қорытындылады Нұрсұлтан Назарбаев.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
