Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ел табысын қалай арттыруға болады: Экономист жауап берді

Президенттің Үкіметке елде өзгерістер енгізу үшін берген нақты тапсырмаларынің бірі – жұмыссыздықты жою және халық табысын арттыру. Осы мәселе жөнінде экономист Мақсат Халық өз ойын білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

Мақсат Халық

Президент "сандармен ойнауды қойып", шынайы статистиканы жариялауды тапсырған. Сонымен қатар халықтың табысын арттыруға бағытталған жобаны екі ай ішінде әзірлеу керегін айтқан еді. Себебі тауар қымбаттағанымен, ел табысы өспейді. 

"Президент өте дұрыс айтып өтті. Бізде жұмыспен қамтылған азаматтар ішінде "Өзін-өзі қамтамасыз еткен" деген категория бар. Ол жерде 2 миллионнан астам өз-өзін жұмыспен қамтыды деп айтылып келді. Ол статистиканың қате екені белгілі. Қазір осы адамдардың жартысы нәтижелі түрде өздерін жұмыспен қамтамасыз ете алмай жүр, үйге алып келетін табыстары жоқ", – деді экономист. 

Мақсат Халық ел табысын арттыру үшін ең төменгі күнкөріс шегі мен төменгі жалақы секілді есептерді дұрыс жасау керегін айтты. 

"Бүгінге дейінгі статистикалардың барлығы ескірген. Сонау Кеңес заманынан келе жатқан есептемелер. Мысалы, биыл төменгі күнкөріс шегі 36 000 теңге деп айтылған, яғни бір азамат осы қаржыға өмір сүре салады. Нақты сандарға қарасақ, мұның әлдеқайда төмен екенін көреміз", – деп қосты ол. 

Экономист төменгі күнкөріс шегін орта медиандық жалақы негізінде есептеуді ұсынды. Оның сөзінше, тұтынушылық себетпен есептеу дәуірі өткен. 

"Орташа медиандық жалақы қазір 150 000 теңге. Оның тең жартысы, яғни 75 000 теңге ең төменгі жалақы болуы керек", –  дейді Мақсат Халық.

Маман қазір Жұмыспен қамту орталығына өтініш берген азаматтарды ғана жұмыссыз деп танып отырғанын айтады. 2 миллионнан аса азамат "Өзін-өзі жұмыспен қамтыды" деген категорияға қосылған. 

"Министрлік өкілдерінен 2 миллион адамның қаншасы нәтижесіз жұмыспен қамтылды деген сауалға жауап беріп, соңғы есеп бойынша 200 мың адамның жұмыспен қамтылмағаны анықталды деп айтты. Меніңше, бұл жақсы статистика. Дегенмен неге осы 200 мың адамды жұмыссыздар қатарына қосып есептемейді? Демек, 5% жұмыссыздық деген өтірік. Шын мәнінде ол 7%", – деп аяқтады сөзін Мақсат Халық. 

Талқылау