Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ел арна" телеарнасы "Хабар" агенттігімен бірікті

"Ел арна" телеарнасы "Хабар" агенттігімен бірікті. Бұл процесс 1 мамырға дейін аяқталып, "Ел арна" жобаларының бір бөлігі "Хабардың" эфирлік кестесіне енгізілмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook парақшасында хабарлады.

Министрдің айтуынша, қазақстандық медиакеңістіктің жылдам өзгеруіне байланысты мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалану мақсатында "Ел арна" мен "Хабар" біріктірілмек. Бұл шешім отандық телеарналардың жұмысын оңтайландыруға және қазақстандық контент аудиториясын кеңейтуге бағытталған.  

"Отандық медиакеңістіктегі қарқынды өзгерістерді ескере отырып және мемлекеттік ресурстарды оңтайландыру үшін "Eл арна" және "Хабар" телеарналарын біріктіру туралы стратегиялық шешім қабылданды. Бұл қадам, ең алдымен, отандық телекомпаниялардың жұмыс тиімділігін арттыруға және қазақстандық контент аудиториясын кеңейтуге бағытталған”, – деп жазды Балаева."Eл арна"-ның барлық контенті "Хабар" арнасының эфиріне өтеді.


Қазақстанда ресейлік телеарналарға тыйым салына ма – Министр жауап берді


Мәдениет және ақпарат министрлігі "Eл арна" телеарнасының ұжымына медиа кеңістікті дамытуға қосқан үлестері үшін шынайы алғыс білдіреді. "Eл арнаның" барлық қызметкерлері "Хабар" агенттігіне жұмысқа орналастырылып, жалақы деңгейі сол күйінде сақталады.

Сондай-ақ, "Ел арна" бағдарламаларын жасауға бөлінген қаражат "24kz" және "Хабар" арналарына қайта бөлініп, контентті күшейту мен техникалық ресурстарды жаңартуға жұмсалады.

Айта кетейік, "Eл арна" телеарнасы 2000 жылдың 22 наурызында алғашқы ұлттық мемлекеттік тілдегі арна ретінде "Хабар-2" атауымен құрылды.

2002 жылдың наурызында атауы "Eл арна" болып өзгертіліп, екі тілде хабар таратуға көшті.

2014 жылдың наурызында арна өз жұмысын тоқтатып, оның жиілігінде "24KZ" жаңалықтар телеарнасы іске қосылды.

2017 жылдың 27 наурызында "Eл арна" жаңа форматта отандық киноарна ретінде қайта іске қосылып, 2024 жылдан бастап "Eл арна" жастарға арналған ойын-сауық арнасы ретінде қайта құрылымдалды.

Талқылау