Экспорттаушылар мемлекеттік органдардан көмек сұрауда
Жүк тиелген пойыздарды Достық-Алашанькоу шекара өткелінен өткізу күрт азайып кетті. Жылжымалы пойыз құрамының кептелісіне ҚХР тарапынан қолға алынған қатаң санитарлық бақылау әсер еткен. Аталған мәселе «Атамекен» ҚР ҰКП ұйымдастырған «ҚХР-ға отандық ауылшаруашылық өнімдерді тасымалдаудың ағымдағы жағдайы және болашағы» деп аталатын ZOOM-конференция кезінде талқыланды.
Жүк жіберушілер мұндай күрделі жағдай туындағанда мемлекет үнсіз қалмауы тиіс деп есептейді. Олардың айтуынша, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және мүдделі министрліктер күш біріктіруі тиіс.
Өз кезегінде, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бас директорының орынбасары Қанат Көбесов ұлттық жүк тасымалдаушысы Достық-Алашанькоу шекара өткеліндегі үздіксіз жүк тасымалы мен Жүк тасымалы жоспарының орындалуын қамтамасыз ету үшін өткізу қабілетін жақсарту және туындауы мүмкін кедергілерді жою шараларын қолға алғанын атап өтті.
Қанат Көбесов «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен «Үрімші темір жолы» арасында ынтымақтастық туралы Келісім бар екенін және оның аясында тәулігіне 18 пойыз жұбын кедергісіз қабылдау және өткізу мүмкін екенін еске салды. Достық-Алашанькоу шекара өткелі арқылы биылғы жылдың жаз айларында дәл осынша пойыз өткен.
"Біз онлайн режимде диалог құруға дайынбыз. Шекаралық теміржол өткелдеріндегі тасымалды ұйымдастыру мәселелері қытайлық әкімшілік өкілдерімен әр аптаның сәрсенбісінде талқыланатын болады. Қытайлық әріптестермен анағұрлым тиімді қарым-қатынас жасау үшін бізде техникалық мүмкіндіктер жасалған. Біз мүдделі мемлекеттік органдарды келіссөздерге қосылуға шақырамыз», - деді Қанат Көбесов.
Қазақстандық темір жол қызметкерлері ҚХР пойыздарын еш кідіріссіз, бекітілген мерзімде және көлемде қабылдап жатқаны да аталып өтті. Бұдан бөлек, жүкті тиеуге мәжбүрлі түрде тыйым салынғандықтан «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС жүк жіберушілерге Жүк тасымалы жоспарын орындамағаны үшін салынатын айыппұлдарды алып тастаған.
Қанат Көбесов жүйелі мәселелерді анықтау және олардың шешу жолдарын іздеу мақсатында мүдделі мемлекеттік органдардың, отандық экспорттаушылар мен өзге де қатысы бар құрылымдардың қатысуымен оперативті топ құруды ұсынды.
Қазақстан бидай өңдеушілер одағының президенті Евгений Ган жүйелі мәселелерді тек қана ортақ күш салу арқылы шешуге болатынына сенімді: «Біз «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істегіміз келеді. Мәселен, тек қана «ҚТЖ» ҰК» АҚ-мен ғана. Көпқұрылымдылық жұмыс істеуге кедергі келтіреді».
Онлайн-конференция кезінде экспорттаушылар «Астық Транс» АҚ тарапынан вагондардың нормативтен артық тұрып қалғаны үшін негізсіз айыппұл салынып жатқанын айтып, шағымданды. Олардың пікірінше, форс-мажорлық жағдайларды да есепке алған жөн.
Онлайн-конференцияны қорытындылай келе, модератор, «Атамекен» ҚР ҰКП басқарушы директоры Ербол Есенеев темір жол қызметкерлерінің, бейінді қауымдастықтар өкілдерінің қатысуымен өткен мұндай кездесулерден тиісті нәтиже шығатынын тілге тиек етті.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
