"Экскаватор жүретін өткел салмақ болған": Жұмысшылар Ұлы Қытай қорғанына зақым келтірді
Орталық Шаньси провинциясындағы құрылысшылар Ұлы Қытай қорғанының бір бөлігін экскаватормен қазып, қаншама ғасырдан бері келе жатқан мұраға зақым келтірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Полицияның хабарлауынша, екі адам құрылыс жұмыстары үшін төте жол жасамақ болған. Екеуі де қамауға алынып, іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. 38 жастағы ер адам мен 55 жастағы әйел 32-ші Ұлы қорған маңында жұмыс істеген. Олар Ұлы Қытай қорғанында үлкен шұңқыр қазып, экскаватор өте алатындай өткел жасамақ болған.
"Олар Ұлы Қытай қорғанының тұтастығы мен мәдени жәдігерлердің қауіпсіздігіне орны толмас зиян келтірді", – деді полиция.
Ююй округінде орналасқан, Қытайдың 32-ші Ұлы қорғаны Қытайдың Мин әулетінің мұрасының бір бөлігі және провинциялық жәдігер ретінде сақталады.
1987 жылдан бері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасы саналатын Ұлы Қытай қорғаны біздің дәуірімізге дейінгі 220 жылдан бастап 1600 жылдардағы Мин әулетіне дейін үздіксіз салынып келе жатқан әлемдегі ең үлкен әскери қондырғы болды. Ұлы Қытай қорғанының әйгілі бөліктері ежелгі күзет мұнараларымен безендірілген құрылымдардан тұрса, нысанның басқа бөліктері қирап немесе мүлдем жоғалып кетті.
Қабырғаның кейбір бөліктері зақымданған. Мұндай жағдай әсіресе Ұлы Қытай қорғанының шалғай ауылдық жерлерінде орналасқан бөлігінде орын алған. 2016 жылғы Beijing Times есебінде Қытайдың Ұлы Мин қорғанының 30%-дан астамы толығымен жойылып кеткені және олардың тек 8%-ы ғана жақсы сақталғаны жазылған.