Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Экс-мәдениет министрі Дархан Қыдырәлі жасөспірімдер қылмысының артуына телехикаяларды, БАҚ-ты және ата-аналарды кінәлады

10 қазанда сенаттың жалпы отырысында сенатор Дархан Қыдырәлі еліміздегі жастар арасындағы зорлық-зомбылық пен қылмыстың өсіп келе жатқаны туралы депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: senate.parlam.kz

Дархан Қыдырәлі бас прокуратураның мәліметін келтіріп, биылғы 9 айдың көрсеткіші бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ұлытау, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында артқанын айтты.

"Мәселен, 2023 жылы Келес ауданында жаппай төбелес салдарынан 9-сынып оқушысы қайтыс болды. Ақтөбеде топ балалар 16 жасар оқушыны тепкілеп өлтірді, Алматыда еріккен адамдар ересек адамды ұрып кетті, Зайсанда қыздар аяусыз төбелесіп жүрсе, Қызылордада зорланған қыздың тағдыры баршаны алаңдатты. Кеше ғана Ақтауда желіккен топтың төбелесі желіге таралды. Талғардағы жантүршігерлік оқиғада елеріп алғандар бір шөлмек сыраға бола 16 жасар Шерзатты өлтіріп кетті. Адам өмірі осыншама құнсыз болғаны ма?! Осындай озбырлық, қатыгездік, агрессия қайдан шығады? Мұндайда жазаны бір адамның мойнына ілмей, оқиғаға қатысы бар қаніпезердің бәрі жазалануға тиіс деп ойлаймыз", – деді сенат депутаты.

Сенат депутатының сөзінше, жастар арасындағы мәселелер елімізде ғана емес, жалпы әлем жұртының алаңдаушылығын туғызып отыр. Ол дамыған елдерде жастар, жаңа ұрпақ туралы ауқымды зерттеулер жүргізетінін алға тартты.

"Елімізде бұл тақырып ғалымдар назарынан тыс қалып отыр. Масс-медиадағы басым күш культі танымал сериалдар мен басқа да формалар арқылы агрессияның насихатталуы қатыгездікті өршіте түсетіні аян. Әлеуметтік желілер арқылы кең таралған ойындар жастардың танымы мен талғамын қалыптастырады. Сонымен қатар ата-ананың мейрімін сезінбеу, отбасыдағы түрлі кикілжің мен травма, білім ошақтары мен тәрбие орындарында жастарға социализация моделін ұсына алмау сияқты себептерді де жоққа шығара алмаймыз.Тәлімгердің айлығы төмен, сынып жетекшілігіне төленетін ақы аз. Сондықтан тәрбие ісіне жіті көңіл бөліне бермейді. Орташа 10 мектепке 1 испектордан ғана келеді", – деді сенатор.

Депутат жастардың проблемасы әртүрлі министрліктер құзыретіне бөлініп кеткенін, бірақ салаға жауапты жастар комитеттің өңірлерде тікелей құрылымы жоқ екенін ескертті. 

"Бес облыста ғана арнайы жастар саясаты басқармасы бар, қалған облыстарда қысқарған. Мәселен, 2 миллион халқының 40%-ын жастар құрайтын Түркістан облысында 600 мың жаспен 3 қызметкер ғана айналысады. Жалақысы небары 70 мың теңге болғандықтан жастар ресурстық орталықтарында білікті кадрлар тұрақтамайды. Көптеген өңірде жеке ғимараты жоқ, бұл орталықтарда 318 орын бос тұр", – деді ол.

Осы ретте депутат барлық өңірде жастар саясаты бойынша басқармаларды қайта құру керек деп ұсыныс тастады. 

"Жастардың ресурстық орталықтарын жақсартып, аймақтарда комьюнити орталықтарын ашу керек. Орталық және аймақтық атқарушы органдардың жұмысын жүйелеу үшін отбасы және жастар ісі жөніндегі комитеттің құзыретін күшейту керек", – деді Дархан Қыдырәлі.

 



Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаты, журналист Нартай Аралбайұлы Алматы облысында пышақ жарақатынан көз жұмған 16 жастағы жасөспірімнің өліміне кінәлілерді жазалауды талап етті. Сонымен қатар қоғамдық орындарда жасөспірімдердің қылмысқа бару мәселесін де көтерді. Нартай Сәрсенғалиев өз депутаттық сауалында жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу процесінің тезірек жүргізілуін сұрады. 

Талқылау