Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Экс-депутат Нығматуллиннің зауытындағы апат: Төрт адамның өліміне жұмыс берушінің кінәлі екені анықталды

Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің сыңары – мәжіліс пен сенаттың бұрынғы депутаты Ерлан Нығматулинге тиесілі YDD Corporation ферроқорытпа зауытындағы төтенше жағдайға басты кінәлі жұмыс беруші болып шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Km.ru

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кінәлі анықталғанын айтты.

“Арнайы комиссия оқиғаның мән-жайын зерттей келе, негізгі кінә жұмыс берушіде екенін анықтады. Комиссия мүшелері техникалық құжаттаманы, оқиға болған жерді қарау нәтижелерін, куәгерлермен әңгіме, сараптама ұйымының қорытындысы, нормативтік-құқықтық құжаттарды және басқа да материалдарды зерделегеннен кейін осындай қорытындыға келді", – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Кәсіпорында жарақаттанушы факторлардың алдын алу бойынша шұғыл шараларды тиісті дәрежеде қолданбағаны, қауіпсіз еңбек жағдайлары мен қызметкерлердің ережелерді, нұсқауларды және технологиялық тәртіпті сақтауын бақылау элементтерін тиісінше жасамағаны анықталды.


Өзінің түрмеге қамалуына ағайынды Нығматулиндерді айыптаған кәсіпкер толығымен ақталып шықты


"Комиссия мүшелері зардап шеккендермен және зардап шеккендердің отбасы мүшелерімен кездесті, оларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес әлеуметтік қорғауға заңды құқықтары түсіндірілді. Арнайы комиссияның тексеру нәтижелері мен барлық жиналған материалдар апатқа кінәлі деп танылғандарды жауапкершілікке тарту үшін құқық қорғау органдарына беріледі. Сондай-ақ комиссия "YDD Corporation" ЖШС басшылығы апаттың себептерін жою және келешекте осындай жағдайларды болдырмау үшін кешенді шаралар қабылдау туралы шешім қабылдады", – деп толықтырды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Еске салайық, 20 шілдеде Қарағанды ферроқорытпа зауытында төтенше жағдай болып, 8 жұмысшы әртүрлі дәрежеде жарақат алғанын жазған едік. Кейінгі үш күнде зардап шеккен 8 қызметкердің төртеуі ауруханада көз жұмды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, арнайы комиссия да құрылған. 

Ферроқорытпа зауытына тиесілі “YDD Corporation” компаниясы қайтыс болған 4 жұмысшының отбасына қолдау көрсетіп, көмектесетінін мәлімдеді. Компания жерлеу рәсімін ұйымдастыру, ас өткізу және мазар салу бойынша барлық шығынды өз мойнына алады. 

Талқылау