Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Экс-банкир Жомарт Ертаев бостандыққа шықпайтын болды

жомарт ертаев

Фото: FB/ Жомарт Ертаев

Бұрынғы банкир Жомарт Ертаевты қамаудан босату туралы сот шешімі жойылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2 қыркүйекте Алатау қалалық соты Ертаевтың өтінішін қанағаттандырып, оны жаза мерзімінің қалған 11 ай 16 күніне рақымшылықпен бостандыққа шығарған еді. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Facebook-парақшасында Ертаевқа қатысты сот шешімі 1 қазанда бұзылғанын жазды.

"Ертаевқа қатысты сот қаулысының күші жойылды. Осы мәселені алғаш көтерген Бас прокуратураға, прокурорға және Алматы облыстық сотына, сондай-ақ журналистерге шын жүректен алғыс айтамын", – деп жазды депутат.


"Мемлекетке қарыз": Министр экс-банкир Жомарт Ертаевтың тез бостандыққа шығуына қатысты пікір білдірді


Материалдарды қарап шыққан судьялар алқасы Ертаевтың екі үкіммен – 2020 жылғы 16 қарашада және 2021 жылғы 3 наурызда сотталғанын анықтады. Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының 2021 жылғы 25 маусымдағы ұйғарымымен біріктірілген үкімдер бойынша соңғы үкім шығарылды.

"Сот ұйғарымы бірінші үкімнің өтеу мерзімін есептеп шығаруға мүмкіндік бермейді. Оның үстіне Ертаевтың жазасын өтеу үшін қандай жаза қолданылғаны көрсетілмеген. Алатау қалалық сотының қаулысы мен №14 мекеменің анықтамасында өтелмеген жаза мерзімі сәйкес келмейді. Сондай-ақ мекеменің анықтамасына директордың қолы қойылмаған”, – деді Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, бұған дейін бұрынғы банкир Жомарт Ертаев бостандыққа шыққаны белгілі болды. Бұл ақпаратты Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті растады.

Еске салайық, бұған дейін экс-банкир Жомарт Ертаев 2020 жылы Bank RBK-тен 144 млрд теңгені жымқырды деп айыпталып, 11 жылға сотталды, кейін жазасы 9 жылға қысқартылды. Жомарт Ертаев Заречный кентіндегі №14 колонияда жазасын өтеп жатқанда, ҰҚК қызметкері Рабисұлтан Арысбаев одан тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін ақша талап етіп, 4,8 млн теңге алған сәтінде ұсталды. 2023 жылы сот Арысбаевты 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырып, арнайы атағынан айырды.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 02 Қазан, 2025 11:38
Талқылау