"Экономиканы дамытудың қозғаушы күші емес, тежегіші болып отыр": Депутаттар "Самұрық-Қазына" қорын тексеруді талап етті
Фото: sk.kz
Мәжіліс депутаты Асқар Жұбанов "Самұрық-Қазына" қорына қатысты соңғы кезде көп сұрақ туындағанын айтып, қор жұмысына тексеру жүргізуді талап етті. Оның пайымдауынша, "Самұрық-Қазына" экономикалық өсудің қозғаушы күші емес, нарықтың дамуын тежейтін құралға айналып барады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жұбановтың айтуынша, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры мен оның еншілес ұйымдарының сатып алу тәжірибесі нарықтық экономика қағидаттарына қайшы келеді. Бірыңғай электронды база деректеріне сәйкес, 2023 жылы қор компаниялары тобындағы сатып алулардың 60 пайыздан астамы бір көзден жүргізілген.
Ол "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры 2008 жылы дағдарысқа қарсы саясаттың стратегиялық институты және Temasek Holdings (Сингапур) сияқты табысты шетелдік тәуелсіз қорларға ұқсас ұзақ мерзімді экономикалық өсудің драйвері ретінде құрылғанын еске салып өтті.
"Temasek Holdings моделін Қазақстанның жағдайына бейімдеу әрекеті сәтсіз болды. Сингапур қатаң институционалдық бақылауға ие және әлемдегі сыбайлас жемқорлық деңгейі ең төмен елдердің бірі – Transparency International рейтингінде бесінші орында. Қазақстан болса, керісінше, 93-орында, ал тәуелсіз қордың тиімді жұмыс істеуге арналған шарттары мүлде бөлек", – деді депутат.
Жұбанов активтердің жоғары шоғырлануына да назар аударды: "Самұрық-Қазына" қорына елдегі ішкі жалпы өнімнің жартысына жуығы шоғырландырылған. Бұл ретте дер кезінде сыртқы аудит жүргізілмейді. Негізгі активтер – "ҚазМұнайГаз", "Қазақстан темір жолы", "KEGOC" АҚ-ның табыстылығы төмендеп, транспаренттік стратегиялардың жоқтығынан қарыз жүктемесі артып барады.
"Басқару мен сатып алудағы жүйелі теңгерімсіздіктерді жоймай, қор экономиканы дамытудың қозғаушы күші емес, тежеушісі болып қала береді", – деді депутат.
Жұбанов қор жұмысына қатысты мынандай шаралар қабылдауды ұсынды:
- корпоративтік басқаруды, сатып алуды және ресурстарды пайдалануды бағалауды қоса алғанда, тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, кешенді сыртқы аудит жүргізу;
- логистика, құрылыс, жер қойнауын пайдалану және телекоммуникация сияқты салалардағы активтерді бәсекелес ортаға беру;
- қорды кезең-кезеңімен транформациялау механизмін әзірлеу, оның ішінде бір көзден сатып алуды жою, бейінді емес активтерді алып қою, тендерлердің ашықтығын арттыру, директорлар кеңесінің құрамын жаңарту;
- қордың қазіргі күйде сақталуының мақсатқа сәйкестігін қарастыру. Егер реформалар сәтсіз болса, активтерді тиісті министрліктер арасында бөлуге көшу.
"Экономиканы ресурстарға қолжетімділікті шектейтін және жеке сектордың функцияларын қайталайтын квазимемлекеттік құрылымдар арқылы қолдауды жалғастыру Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын төмендетеді және халықтың сенімсіздігін арттырады", – деп атап өтті депутат.
Мәжіліс депутаты қорды жабық құрылымнан экономиканың нақты секторын дамыту және адал бәсекелестік алаңына айналдыру қажет екенін айтты.

"Күйеуім бала көтертпеу үшін вазэктомия жасатты": Екі баласымен корей азаматына күйеуге шыққан әйелдің өмірі қалай өзгерді
