Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Экономика министрі депутаттардың бизнесті тексеруге мораторийді ұзарту туралы ұсынысына қарсы шықты

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров депутаттардың бизнесті тексеруге мораторийді тағы бір жылға ұзарту туралы ұсынысына қатысты жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: gov.kz

Министр бұл ұсыныспен келіспейтінін айтты. 

"Мен жоқ деп айтар едім. Онсыз да былтыр бір жылға ұзартылды. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап реттеу жүйесінің жаңа түрі жүргізілуі тиіс. Тәуекелдерді басқару – бақылаудың автоматтандырылған жүйелері болуы керек. Бұл адамның қатысуынсыз жүзеге асатын болады. Физикалық тексерулерді екі есе қысқартып, айыппұлдар санын бірнеше есеге азайтуға мүмкіндік береді", – деді Әлібек Қуантыров "Алтын Сапа" сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімінде.

Оның айтуынша, жасанды интеллект элементтері бар жүйе әртүрлі тәуекелдерді көрсетеді, оларды анықтағаннан кейін ғана тексеріс жүргізіледі. 

“Бұл бақылау көлеміне байланысты. Мысалы, төтенше жағдай болса, онда бұл ұйымда бұрын өрт болды ма немесе өрт қауіпсіздігіне қанша қаражат жұмсады. Мұның барлығын жасанды интеллект элементтері бар жүйе оқиды", – деп түсіндірді министр. 

Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаты Асқар Садықов кәсіпкерлерді тексеруге мараторийді 2024 жылға дейін ұзартуды ұсынған болатын. Мәжілісмен сонымен қатар орта бизнесті де мораторийге қосып, оларды біраз уақытқа дейін тексеруден босатуды ұсынған еді.

Талқылау