Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Экологиялық таза көлік: Маңғыстауда метанмен жүретін жаңа автобустар пайда болды

Маңғыстау облысында өңір экологиясына оң ықпал ететін автобустардың жаңа буыны пайда болды. Ақтауда қалалық бағыт бойынша жолаушыларды тасымалдайтын 30 жаңа автобус өз жұмысын бастады. Сонымен қатар жаңа автобустар "Ақтау – Әуежай" бағытында қатынайды. Жақын арада метанмен жүретін тағы 90 автобусты пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл туралы ОКҚ брифингінде Нұрлан Ноғаев хабарлады.

маңғыстау

Жаңа көлік (автобустар) жергілікті бюджеттен және өнеркәсіпті дамыту қоры АҚ қаражаты есебінен сатып алынды: жергілікті бюджет есебінен 1,1 миллиард теңге, қалған соманы өнеркәсіпті дамыту қоры АҚ қаржыландырды. Барлық автобустар ауаны баптау жүйесімен, бейнебақылау камераларымен және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандуспен жабдықталған. Жалпы жоба 9,2 миллиард теңгеге бағаланады.

маңғыстау

Жаңа автобус инфрақұрылымының маңызды бөліктері — арнайы диспетчерлік жүйе қоғамдық көлік бағыттарының қозғалысын, ал камералар автобус салонын бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ автобустарды отынмен қамтамасыз ету үшін облыста алғашқы рет ерекше газ құю станциясы — метан станциясы пайдалануға берілді.

"Жаңа автобустарда газ моторлы қозғалтқыштарды пайдалану ауаға тарайтын зиянды қалдықтар көлемін азайтуға және субсидиялау саласында бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға ықпал етеді", – деді Нұрлан Ноғаев.

маңғыстау

Өңір басшысы негізгі мақсат Маңғыстау облысында жолаушылар көлігінің қауіпсіз, жайлы және сапалы қызметтерін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Ол сондай-ақ аймақтағы сұйытылған газды тұтынудың жоғары көрсеткіштерін атап өтіп, метанды пайдалану сұйытылған газға жүктемені төмендететініне сенім білдірді.

"Біздің мақсатымыз - Маңғыстау облысында жолаушылар көлігінің қауіпсіз, жайлы және сапалы қызметтерін қамтамасыз ету, автобустарды күту уақытын қысқарту және жолаушылар тасымалы нарығына жаңа сапалы автобустар ұсыну", – деді Маңғыстау облысының әкімі.

Талқылау