Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Экологиялық проблемалардың 90%-ын эко әдеттермен-ақ шешуге болады - Евгений Мұхамеджанов

Бірнеше жылдан бері EcoNetwork қозғалысының жетекшісі, Jusan-ның PersonaJ айдарының кейіпкері Евгений Мұхамеджанов Қазақстандағы бизнес өкілдері мен қарапайым тұрғындарға эко әдеттер туралы айтып, оларды қалыптастыру жолында еңбек етіп келеді. Stan.kz тілшісі жоба жетекшісімен сөйлесіп, эко белсендіден елімізді пластик құрсауынан шығару жолы және экологиялық жауапкершілікті қалай арттыруға болатыны туралы сұрады.

- Евгений, біз қазақстандықтардың эко әдеттері туралы білгіміз келеді. Жеке тұлға қандай эко әдеттерді қалыптастыруы керек? Эко әдеттің маңызы неде?

- Ең негізгі әдет -  қоқыстың көлемін азайтуды үйрену. Кез келген уақытта дүкенге кіру керек болса, өз дорбаңды ала жүресің. Тамақ алуың керек болса, өз ыдысыңды алып барасың. Кофе немесе шай ішкің келсе, өз кесеңді алып жүресің. Кофеханада отырып, керамика ыдыстан ішесің. Табиғат аясына демалуға шықсаң, қоқысты қайда тастаймын деп ойланбас үшін барлық тағамды арнайы ыдысқа салып аласың. Киім немесе басқа да заттарды сатып алар кезде өзіңе қаншалықты қажет екенін ойлайсың. Мысалы, балаға арналған төсек қажет болса, бәлкім, жақындарыңнан сұрап көр. Соны алып, бояп, жөндеп қолдануға болады. Тағы бір маңызды әдет -  қажет емес кезде көлікпен жүрмеу. Мысалы, тауар алуға жақын жердегі дүкенге барсаңыз, екі дорба ғана алып, бір көлікте жалғыз өзіңіз отырмауыңыз керек. Одан да жаяу жүріп қайтуға немесе автобусқа отыруға болады. Осылайша, экологиялық проблемалардың 90%-ын эко әдеттермен-ақ шешуге болады.

Эко әдет қалыптастырудың негізгі шарты әр адам өзі тұтынатын тауарларға, өзі шығаратын қоқыстарға жауапты болуы және саналы тұтынуды үйрену керек. Біз жеке бас гигиенасын неліктен сақтауымыз керек деген сұрақ қоймаймыз ғой. Себебі бұл абсурд. Сол секілді жер шарының тазалығын неліктен сақтаймыз деген сұрақ та, экология үшін жеке жауапкершілік алудың себебін сұрау да абсурд болуы керек.

- Жеке өзіңіздің экологиялық әдеттеріңіз қалай пайда болды? Экологиялық белсенділік танытуыңыздың себебі неде, бәрі қалай басталды?

- Экология тақырыбына жайдан жай келе салған жоқпын. 20 жылдан аса қаржы саласында жұмыс істедім. Сол кезде іштей неліктен біз осынша көп ақша жұмсаймыз, қажетсіз заттарды сатып аламыз деп ойлайтын едім. Табысың өскен сайын шығын да өсе беретіні таңғалдыратын. Содан өзімнің әрбір шығынымды жаза бастадым. Алғашқы экологиялық әдетім осы болды. Себебі бұл – тұтынушы жауапкершілігі. Нақты өзіңе қажетті затты ғана сатып алу.

Бес жыл бұрын бизнес орталықта пластик пен макулатура қабылдайтын жәшіктерді көріп, үйде қоқысты бөліп, бизнес орталыққа әкеліп тастайтын болдым. Сол кезде мұның пайдасы бар екенін, мен қолданған заттардың 50%-ы қоқыс полигонына емес, қайта өңдеуге кететінін түсіндім. Бірнеше ай осылай жасап жүрдім.

Тағы бір әдет қалыптастырдым, таңғы алтыда далаға шығып, ауладағы пластик бөтелкелерді жинап жүрдім. Оларды да бөліп, қайта өңдеуге жіберетін болдым. Төрт ай бойы таңғы алтыда тұрып өз үйімнің алаңын ғана емес, бірнеше кварталды тазалайтын болдым. Алайда бұл әдетпен көп өзгеріс жасай алмайтынымды түсіндім. Себебі бүгін тазалаған аулам, ертең қайтадан қоқыс алаңына айналатын. Cондықтан жүйелі түрде жұмыс жасайтын, кез келген адам қолдау білдіре алатын, көлемді жоба керегін түсіндім. Біз сол идеяны іске асырып, EcoNetwork деп атадық. Бұл бизнес компанияларға "есо friendly" болуға көмек көрсететін жоба. Алғашқы жобамыз “Жасыл кеңсе” аясында эко әдеттерді қалыптастырып, кеңестер береміз. Оларға артық заттарды алмаудан бастап, қоқысты бөліп, қайта өңдейтін зауытқа жіберуге дейінгі жолдарды үйретеміз. Компаниямен бірге Green топ құрып, жұмысымызға мониторинг жасап отырамыз. Бұдан өзге кейбір компанияларға "team building" ұйымдастырып, қоқыс тазалап, ағаш отырғызамыз.

- Компанияларға бұл не үшін керек деген сұрақ туындайды. Неліктен эко әдеттерді дәл осы үлкен компаниялардан бастап қалыптастыру маңызды?

- Кез келген бизнестің өзіндік стратегиясы бар. Барлығы үздік болуға, жақсы боп көзге түсуге, мұқтаж жандарға ақша таратып, мектеп, балабақша салуға тырысады. Кейбірі экологияға назар аударғанды жөн деп санайды. Ал біз сол компанияларды тауып, EcoNetwork қатарына қосамыз.

Бизнеспен жұмыс бастаған себебіміз ол жерде ұжымдық жауапкершілік мықты. Бизнес деген аты ғана, ол жерде де қарапайым адамдар жұмыс істейді. Оларға өздерінің үлкен бір істің мүшесін болғанын көру маңызды. Біздің сайтымызда әр компанияның өз парақшасы бар. Сол жерден өз жетістіктерін көріп, өз қызметкерлеріне көрсете алады.

- Жоғарыда ірі компаниялармен жұмыс істейміз деп айттыңыз. Серіктестіктеріңіз неден басталды?

- Мысалы, былтырдан бері біз Jusan Bank-пен бірге жұмыс істеп келеміз. Олар өздерінің ESG стратегияларын жазған кезде "жасыл" компанияға айналуды мақсат етті. Олар үшін табиғатқа қамқорлық ішкі өзгерістерден басталды. "Жасыл кеңсе" жобасына Алматы мен Астанадағы кеңселерін қостық. Кейін өзге 4 қаладағы кеңселері де қосылды. Осы жылдың басында өздері тағы 3 қаладағы кеңселерін қосуды ұсынды. Сонымен жалпы 9 қалада Jusan-ның жасыл кеңселерін қалыптастырдық.

Jusan-мен бастаған тағы бір жобамыз “Жасыл аула” деп аталады. Яғни бірнеше үйлердің ауласында тұрғындарға эко әдеттерді қалыптастыру туралы сабақтар өтеміз. Сонымен бірге олар біздің мектептерде өткізетін эко сабақтарымыздың серіктесіне айналды. Қазір Jusan-мен бірге Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде “Жасыл мектеп” жобасын жүзеге асырып келеміз. Осы жоба аясында эко фестиваль өткіздік. Ол жерде мектеп оқушылары әртүрлі экологиялық мәселелердің шешімдерін табуға жоба жасап шықты. Семейден келген оқушы қыз жеңімпаз атанды.

- Осы экологиялық әдеттерді қалыптастыру және ұстану туралы ересектерге қарағанда балалар көп ойланып, белсенділік танытатын секілді. Мұның себебі неде?

- Біріншіден, олардың бос уақыты мен күш-жігері бар. Оларға басқа проблемаларды ойлаудың қажеті шамалы. Екіншіден, мектеп тәрбие беретін және алатын орын. Ал эко әдеттер тәрбиенің бір түрі. Jusan-мен бірге ұйымдастырған эко форумда түсінгенім балаларды әртүрлі мәселелер алаңдатады: қажетсіз киім-кешек пен макулатураны қайта өңдеуден бастап, ауаның ластануы, таза су мәселесіне дейін. Сондықтан ересектерге қарағанда бұл мәселені балалармен талқылап, оларға арнайы сабақтар өткен әлдеқайда жеңіл әрі маңызды.

- Шын мәнінде, Қазақстанда эко әдеттер қалыптастырып, қоқысты бөліп, қайта өңдеуден басқа да экологиялық проблемалар бар ғой. Мысалы, ауаның ластануы. Ол мәселелердің шешімін іздеп көрдіңіздер ме?

- Біз барлық мәселені бірден шешуге тырыспаймыз. Себебі бәрін бірдей алып жүру мүмкін емес. Біздің нақты жоспарымыз бар: эко мәдениет, адамдардың эко әдеттері және қоқысты бөліп тастау, қайта өңдеу. Бұл біздің бағыт және бұл өте ауқымды проблема. Себебі, мысалы, ауаның ластануы кез келген адамды мазалай бермейді. Біреулер, көшіп кетіп, тауға барып демалып, жатады. Кейбір адамдар ол туралы мүлдем ойланбайды. Ал қоқыс - деген күнделікті әр адамның басына келетін проблема. Және бұл жеке адам шешімін таба алатын проблема.

Талқылау