Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Экологиялық апат Балқаш көліне қауіп төндірмейді - Министр орынбасары

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов Балқаш көліндегі ықтимал экологиялық апатқа қатысты БАҚ-та жарияланған ақпаратқа түсініктеме берді.
Вице-министрдің айтуынша, айтылған мәліметтер шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Соңғы он жылда көл деңгейі Балтық жүйесі бойынша 341 М белгісінен төмен түспегенін атап өткен жөн. Ғалымдар көп жылғы бақылаулар мен зерттеулерге сүйене отырып, Балқаш көлінің толыққанды су объектісі ретінде өмір сүруінің оңтайлы деңгейі БЖ бойынша 341 М белгісі болып табылады деп пайымдайды" - деп мәлімдеді Серік Қожаниязов.

Оның айтуынша, жыл сайын Балқашқа 12 текше метр су құйылса, көлдің тұрақты деңгейде сақталуына кепілдік беріледі. Сонымен бірге, Добын шекара бекетіндегі гидрологиялық деректерді талдау Іле өзенінің орташа ұзақ мерзімді ағыны 2001 жылдан 2020 жылға дейін 13,8 текше метрді құрайтынын көрсетті.

"Осылайша, бүгінгі таңда Арал тағдырының қайталануы Балқаш көліне қауіп төніп тұрған жоқ", - деп атап өтті вице-министр.

Экология министрлігі басшысының орынбасары Қытай Халық Республикасымен су бөлу жөніндегі келіссөздер процесінде қазақстандық тараптың ұстанымы Іле өзенінің ағынын кемінде 12 текше метр көлемінде ұстап тұру екенін мәлімдеді. 

"Біздің еліміздің ұстанымы су бөлу кезінде экожүйенің мүдделерін ескеру болып табылады. Осыған байланысты, Қазақстан тарапы Балқаш көлін Іле өзенінің негізгі су тұтынушыларының бірі ретінде көрсетеді. Біз Балқаш көлі өзен ағысының көлеміне байланысты екенін айтудан жалықпаймыз", - деді Серік Қожаниязов.

Сонымен қатар, вице-министр Қытай тарапы да өзінің шекарасына жақын аумақта экологиялық апаттың орын алуын қаламайды деген болжам айтты.

"Бұған 2019 жылдың қазан айында Бейжіңде өткен Бірлескен комиссияның 17-ші отырысында Қытай тарапы трансшекаралық өзендерді су бөлу туралы келісім жобасын талқылау кезінде Тараптардың экожүйелерін дамыту мен сақтау мүдделерін ескеруге келіскендігі дәлел. Бұл Балқаш көлінің экологиялық жағдайы үшін өте маңызды", - деп хабарлады Серік Қожаниязов.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр