Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Экология министрін "жөнсіз заңдары" үшін ауылда тұруға жіберетін болды

Норманы жазған маманды 2-3 айға ауылға жіберсе, тауық пен сиырдың айырмашылығын түсінер еді. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бүгін экология, геология және табиғи ресурстар министріне осылай шүйлікті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеп хабаралайды. 

Мағзұм Мырзағалиев төменгі палатаға Экология кодексін таныстыруға келген. Депутаттар құжатты жерден алып жерге салды. Құжат депутаттарға ғана емес шаруаларға да жақпайды. Әсіресе, малшылардың "өкпесі қара қазандай". Өйткені, заң күшіне енсе, олар әр үш ай сайын облыс орталығына барып, әр малы үшін есеп беріп отыруы керек.

Төрт-түліктің қоршаған ортаға тигізген залалы туралы декларация тапсырады. Талап орындалмаса онша шаруа әкімшілік жауапқа тартылады. 

"Жеке кәсіпкерлер 20 немесе тіпті бес тауықтан тұратын жеке қосалқы шаруашылықтар қалдықтардың мөлшері мен түрлері туралы ақпарат беру үшін не істеу керек? Оның үстіне, егер олар мұны мәлімдемесе, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл олардың өмірін қиындатудың тағы бір қадамы ма?" - дейді ҚР парламенті мәжілісінің депутаты, "Nur Otan" фракциясының мүшесі Мұрат Теміржанов.



 

Төменгі палата спикері Мағзұм Мырзағалиевке фермерлерге "жөнсіз нормаларды" ұсынбау үшін нақты ауыл өмірін қарауға кеңес берді.

"Шын мәнінде, заң жобасының осындай нормасын оқыған кезде, бұл норманы жазған адам ауылда болды ма, жоқ па деп ойлайсың. Шіркін, осы норманы жазған маманды 2-3 айға ауылға жіберсе ғой. Сонда тауық пен сиырдың айырмашылығын түсінер еді. Қалай ойлайсыз, министр мырза?

- Дайынбыз

- Жақсы, кодексті қабылдағаннан кейін ауылға барып келіңіз - деді ҚР парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин. 

Министрдің айтуынша, экологиялық кодекстің тиімді тұстары басым.

"Біз оларды жеңілдетіп, декларативті форматқа көшіруді шештік. Әкімшілік кедергілерді азайту көзделген, бірақ олар жеткіліксіз. Егер рұқсат етсеңіз, біз бұл норманы екінші оқылымға дейін аяқтап, нақты демаркациялық тосқауыл қоямыз", - дейді ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Талқылау