"Екінші жүргізуші де кінәлі деп танылсын": Алматыдағы екі автобустың жол апатына қатысты сот өтуде
Алматыда екі автобустың қатысуымен болған жол апаты ісі бойынша сот процесі жалғасуда. Қоғамдық көлік жүргізушісіне айып тағылды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Almaty TV арнасына сілтеме жасап.
Алмалы аудандық сотында апат кезінде жұбайы қаза тапқан жәбірленушінің адвокаты екі жүргізушіге де айып тағылу керек деп айтты. Оның айтуынша, 201-маршруттың жүргізушісі де жол ережесін өрескел бұзған. Сондықтан ол қылмыстық іс бойынша куә ретінде емес, екінші айыпталушы ретінде қатысуы керек. Қорғаушы тарап соттан оның әрекеттеріне жан-жақты құқықтық баға беруді сұрайды.
Өткен жылдың қараша айында Төле би мен Абылай хан көшелерінің қиылысында жол-көлік оқиғасы орын алды. 98 және 201 маршруттардың соқтығысуы салдарынан 21 адам зардап шегіп, бір адам қаза тапты.
"Мен айыптаулармен келіспеймін. Адам қорғаушымның кесірінен қаза тапқан жоқ. Жарысты 201-автобустың жүргізушісі Абдуллаев бастады. Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұза отырып, қауіпсіздік шараларын сақтамағаны үшін оны айыпталушы деп тануды сұраймын", – деді 98-автобус жүргізушісінің адвокаты Бағдат Амандосов.
Адвокаттың талабы қабылданбады. Судья қылмыстық іс толық қаралғанға дейін екінші жүргізушіге айып тағуды мерзімінен бұрын деп санады. Оның пікірінше, әзірге мұндай шешімге негіз жоқ.
"Егер сот қылмыстық істі қарау барысында екінші тұлғаның осы қылмысқа қатысы туралы жаңа мән-жайларды анықтаған жағдайда, сот жеке қаулы шығарады. Ал әзірше талаптарыңыз қанағаттандырусыз қалады", – деді Алмалы аудандық сотының судьясы Қайрат Иманқұлов.