"Екінші рет өмірге келдім": Алматылық дәрігерлер халықаралық рейсте адам өмірін сақтап қалды
Фото: astanatv.kz
Алматыдан Қазанға ұшып бара жатқан ұшақта мейірбикелер жолаушының өмірін сақтап қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға биыл 17 тамызда Алматыдан Қазанға ұшып бара жатқан ұшақта болған. Жолаушының жағдайы күрт нашарлап, есінен танып қалған. Ер адамның артериялық қысымы 70/30 мм сынап бағанына дейін төмендеп, тамыры әлсіз және әрең сезілген. Сол сәтте Қазаннан келген ультрадыбыстық диагностика дәрігері Наталья Ровкач және Алматыдан оқуға іссапарға ұшқан Алматы онкологиялық орталығының екі мейірбикесі Алтынай Қартабаева және Айділдә Қонақбаева көмекке келген.
Дәрігердің айтуынша, науқасқа шұғыл көмек қажет болған.
“Ұшақтың шектеулі кеңістігі жағдайында инфузиялық терапия жүргізу қажет болды. Дәл осы жерде Алматы онкологиялық орталығының мейірбикелері Алтынай Қартабаева мен Айділдә Қонақбаева көмек көрсетті. Олар нұсқаусыз бірден жұмысқа кірісті. Іс-әрекет алгоритмі мен қажетті дәрі-дәрмектерді анық білді. Олардың кәсібилігі мен үйлестіруі мені таңғалдырды. Біз көптен бері бір командада жұмыс істейтіндей әрекет еттік”, – деді Ровкач.
Дәрігерлердің әрекетінің арқасында жолаушы есін жиып, қонған соң қосымша тексеру үшін медициналық мекемеге жеткізілген.
Бір қызығы дәл сол күні науқастың туған күні болған. Осылайша қазандық дәрігер мен алматылық мейірбикелердің жедел әрекетінің арқасында ер адам екінші рет өмірге келгендей болған.
Қазандық дәрігер өз хатында ризашылығын білдіріп, мейірбикелердің кәсібилігін ерекше атап өткен.
“Сіздердің емделушілеріңізде осындай құнды кадр бары қуантады. Мен олармен иық тірестіре жұмыс істегім келеді”, – деп жазған Ровкач.

Желіде тілі шықпаған баланы қой ішегімен қылқындырғандардың видеосы тарады: Логопед-дефектолог ырымның үлкен қаупін айтты
