Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екінші партиясын күтіңіздер": Алматыда қазақстандық вакцинаның жетіспеуі туралы министрлік пікір білдірді

ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова отандық вакцинаны салдырғысы келетіндерге вакцинаның екінші партиясын күтуді сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Осыған дейін Алматыда отандық QazVac вакцинасының жоқ екені туралы белгілі болған еді. Оқиғаға қатысты Айжан Есмағамбетова түсініктеме берді. 

“Алматыға жалпы отандық вакцинаның алты мың дозасы жеткізілді. Бұл вакцинаның екі дозасының жиынтығы. Яғни, үш мың адамға арналған вакцина қалаға жеткізілген. Қазіргі таңда Алматыда 2800 адам отандық вакцина салғызған. Сәйкесінше, 200 адам әлі де болса қазақстандық вакцинаны салдыра алады. Отандық вакцина жекеленген мекемелерде ғана болмауы мүмкін”, – дейді Есмағамбетова. 

Есмағамбетованың сөзінше, қазіргі таңда Алматы қаласында 200 отандық вакцина бар.

“Егер адам отандық вакцина салғызғысы келетін болса, бұл сұраққа жауап берудің де қажеті жоқ, вакцинаның екінші партиясы жеткізілгенін күтуі керек екені айтпаса да белгілі. Бірақ еліміздегі үш вакцина да қауіпсіз әрі тиімді екенін айтқым келеді. Сондықтан, белгілі бір вакцинаны күтпей-ақ, вирустың алдын алуға асығу керек”, – дейді Есмағамбетова. 

Айта кетсек, бұған дейін Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы QazVac вакцинасының таусылғанын растаған еді. Ведомство мәліметінше, қалада екпенің тек 7-8 дозасы қалған. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 19 Мамыр, 2021 16:15
Талқылау