Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екібастұзда тұратын ата-анам менің үйіме келуден бас тартты – Павлодар облысының әкімі

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұз жылу электр станциясын жөндеу жұмыстары туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әкімнің айтуынша, Екібастұз жылу электр станциясында екі қазандық жөндеуден өтті.

“Қалған 8 қазандықты жөндеуден өткізіп жатырмыз. Бүгінде барлық қажетті материал мен құрал-жабдық сатып алынды. Соның барлығын жеткізіп, орнатып жатыр", - деді Байханов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Байхановтың айтуынша, жылу маусымы басталғанға дейін екі су жылытатын қазандықпен бір энергетикалық қазандықты дайындау қажет.

"Олар сөзсіз дайын болады. Ал қалған қазандықтар қазан айында, кейбірі қарашада іске қосылады. Қалай болса да, қалада жылу болады", - деп атап өтті әкім. 

Осы орайда журналистер облыс әкімінен дайындық жұмыстарын уақытында аяқтауға қаншалықты сенімді екенін сұрады. Байхановтың айтуынша, артқа шегінер жол жоқ.

"Менде басқа амал жоқ. Өткен қыстағы жағдайға жол беруге болмайды. Екібастұзда ата-анам тұрады, әпкем бар. Жалпы, 30-ға жуық туысым тұрады. Сондықтан былтыр төтенше жағдай кезінде үйлердегі температура туралы ақпаратты ЖЭС-тан емес, отбасымның чатынан біліп отырдым. Сол чатта да сөз естідім. Сол кезде олар Павлодарға менің жаныма барудан бас тартты. Көршілер басқаша түсініп қалады деді. Апат кезінде барлығы өз үйінде қалды", - дейді өңір басшысы.

Талқылау