Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екі көзі бақырайып қорқып отыр": Депутат Зайытов кәсіпкерлерді тексерушілер пара сұрайтынын айтты

Шағын және орта кәсіп иелерін тексерушілер пара сұрайды.Осылай деп мәлімдеген мәжіліс депутаты Ринат Зайытов кәсіпкерлердің мәселесін көтерді. Депутат Ұлттық экономика министрінен оларды қолдау үшін қандай жағдай жасалып жатқаны туралы сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Зайытов депутаттарға кәсіпкерлер тарапынан көптеген өтініш түсетінін айтты. 

“2019 жылы шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланды. Бірақ шағын және орта бизнестің берілген  сол  мүмкіншілікті пайдаланып, дамуына біресе пандемия кедергі болды, біресе инфляция келіп ұрды. Енді 2024 жылдан бастап мораторий аяқталады деп отыр. Олар қазір екі көзі бақырайып, бізді қайта тексере бастайды деп қорқып отыр. Тексеру қалай болатынын білесіз. Анау келіп бір пара сұрайды, мынау келіп бір пара ұстайды”, - деді Зайытов.

Депутат Ұлттық экономика министрінен елдегі кәсіпкерлерді қолдау үшін қандай шаралар қабылданатыны туралы сұрады. 

“Осы ретте шағын және орта бизнесті қолдауда қандай әрекеттер жасалынады? Бұл - бірінші сұрақ. Екіншіден, ауылды жерлерде малды бағады, етін сатайын десе оны дұрыс бағамен сата алмайтынын білесіз. Не тері өңдей алмайды не жүн өңдей алмайды я болмаса ет өнімдерін өңдеп сата алмайды. Осы бағытта қандай бағдарламаларыңыз бар және ол қашан басталады?”, – деп сұрады Ринат Зайытов Ұлттық экономика министрінен.

Әлібек Қуантыров шағын бизнеске арналған мораторий тағы жыл соңына дейін ұзарғанын айтты. Ал, келесі жылы 1 қаңтардан бастап үкімет тәуекелдерді басқару жүйесін енгізіп жатқанын мәлімдеді. 

“Оның мағынасы қандай? Осындай физикалық тексерулер тек қана автоматтандырылған, жасанды интеллектпен адамның қатысуынсыз анықталатын кестесі жасалады. Сол себепті осындай физикалық тексерулер жайдан-жай белгіленбейді. Болжамымыз бойынша осындай тексерулер екі есе қысқартылады. Ал енді субъектілердің әкімшілік жауапкершілікке тартылуы да бірнеше есе қысқырталатын болады. Салық және басқа әкімшілік жүктеме төментейтін болады. Екінші сұрақ бойынша бақылау күшінде қалады. Бағаларды және ет сапасын, ауылшаруашылығының басқа өнімдер сапасын тексеру керек. Қазіргі таңда кәсіпкерлік кодексте мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің тиісті тексерулерді жүргізуге мүмкіндігі бар”, - деп түсіндірді Әлібек Қуантыров мәжілістің жалпы отырысында.

Министр атап өткендей, Агро кредиттік корпорацияның қаржыландыру бағдарламалары, "Ауыл аманаты" бағдарламасы бар. Министр ауылшаруашылығына қаражат керек болса бөлуге болатынын айтты.
 

Талқылау