Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұлымның екі қолы байлаулы, аяғы жерде тұрған". Арман Дүйсеновтің әйелі Тоқаевтан көмек сұрады

Көмек сұрадыФото: Ашық дереккөз

Белгілі сазгері марқұм Арман Дүйсеновтің жары Айсұлу Айданқызы “TalkLike” бағдарламасына берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентігі хабарлайды.

Айсұлу Айданқызы алдымен ұлының құпия өлімі туралы айтып берді. 

“7 қазан күні кешкі сағат 18:00 шамасында Абылайдың көрші тұратын досы “Тәте, Абылай қайда деп қоңырау шалды. Ол жігіт бұған дейін маған мүлде хабарласпаған. Мен “жұмыстарымен жүрген шығар” деп жауап бердім, өйткені әдетте ұлым тірліктерімен жүрсе, “босағанда хабарласамын” деп ескертіп қоятын. Неліктен іздеп жатқанын сұрап едім, “маған бір жігіттер хабарласып жатыр, бүгін олар Абылаймен кездесуі керек болған екен, ал Абылай жауап бермей жатыр екен” деді. Мен ұлыммен түсте сөйлескен едім, ал соңғы хатыма ол жауап берген жоқ. Кейінірек кіші ұлымды мектебінен алып кетуге барғанда, ол бірден “Абылай қайда? Маған оның достары қоңырау соғып, оны іздеп жатыр” деп сұрады. “Тірліктерімен жүрген шығар” дедім, менде ешқандай арам ой болған жоқ. Үйге жетемін дегенше 20:00 шамасы болды. Кешкі ас ішетін кезде Абылайды достары іздеп жатқаны, ал оның әлі де байланысқа шықпағаны есіме түсті. Ұлым бізге көрші тұрады ғой, сөйтіп сол үйге бардым, есік ашық тұр. Үйге кіріп, жарықты жақтым, ұлымды көріп тұрмын. Ұлымның аяғы жерде, басып тұр, екі қолы артында арқанмен байланған, мойны байлаулы, құдды бір сүйеп кеткен секілді. Өзі жалаң аяқ. Мен түсінбей тұрмын, Абылайға сөйлеп тұрмын. Бірден жедел-жәрдемге қоңырау шалып, кіші ұлымды көрші тұратын құрбыма жібердім. Жедел-жәрдем тез келді, оның артынша полиция қызметкерлері келді”, – деді ол.

Абылай Арманұлының денесі сот-медициналық сараптамадан өтіп, іс кісі өлтіру ретінде тіркелген.

“Абылайды сот-медициналық сараптамаға алып кетеді, іс кісі өлтіру ретінде тіркеледі. Мен бұған дейін мұндайды естімегендіктен, неге кісі өлтіру деп сұраймын. Сонда олар “Адам қолын артқа байлап, өз-өзін өлтіре алмайды” деп айтты. Абылайды жерледік, мен оны қалай тауып алғаным жайлы түсініктеме бердім, Ұлыбританиядан әпкесі келді, ол түсініктеме берді. Ешқандай нәтиже шықпады. Кейінірек тергеушіге кіре алмайтын жағдайға жеттім”, – деді ол.

Композитордың жарының сөзінше, Алматы қаласының соты әділетсіз шешім шығарған. 

“2024 жылдың 7 қазанында 21 жастағы ұлым Абылай Дүйсеннің пәтерімізде екі қолы байлаулы, аяғы жерде тұрған өлі денесі табылды. Көптеген дерек анықталса да бұл іске қатысты тергеу әлі нақты шешімге келген жоқ. Екі қолы артына байланған адамның өзіне қол жұмсауы мүмкін бе?” – деді ол.

Оның айтуынша, Бостандық аудандық полициясы дәлелді жауап бермеген. 

“2025 жылдың 24 қазанында Бостандық аудандық соты менің пәтеріме қатысты әділетсіз шешім шығарып, 13 жастағы ұлым және 83 жастағы қарт әкем және мен тұрып жатқан пәтерімізден шығуымыз туралы заңға қайшы шешім шығарды. Ал пәтер үшін дауласқан тұлға Мұқаш Санжар ұлым Абылайдың өліміне байланысты жүргізіліп жатқан тергеу барысында “мен Абылайға тек қарыз ақша бергенмін. Пәтерді кепіл етіп алдым” деп анық көрсеткен. Осы туралы тергеу сотының 2024 жылғы 15 қазан және 2025 жылғы 30 шілдедегі қаулыларында бекітілген. Демек, сот сатып алу келісімшартын жарамсыз деп тануы тиіс еді. Марқұм Абылай мен Санжар Мұқаштың екеуара whatsapp-тарында соңғы тек 65 миллион теңгені өте жоғары пайызбен бергені расталды”, – дейді Айсұлу Айданқызы.

Өнер иесінің әйелі соттың шешімін заңға қайшы деуге негіз жеткізілікті екенін алға тартты.

“Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, осыған байланысты сот төрелігінің әділетті болуына ықпал етуіңізді сұраймын”, – деді ол.

Айта кетейік, композитор Арман Дүйсенов 2023 жылғы қаңтарда көз жұмған еді. 

Ал былтыр қазанда марқұм сазгердің ұлы да дүниеден озды.

2024 жылы 7 қазан күні кешке жас жігіттің денесі өз пәтерінде асылып тұрған күйінде табылған еді. Марқұмның қолдары байланған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, өлімнің себебі – механикалық асфиксия. Жас жігіт қазасынан бір күн бұрын анасының қоңырауларына жауап бермеген.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның белгілі сазгері марқұм Арман Дүйсеновтің жары Айсұлу Айданқызы “TalkLike” бағдарламасына берген сұхбатында композитордың өліміне қатысты сауалдарға алғаш рет ашық жауап беріп, композитордың жертөледе емес, зауытта көз жұмғанын айтқаны хабарланған болатын. 

 

Айнұр Мұхади
Жұма, 14 Қараша, 2025 22:44