ҰҚК екі қазақстандыққа жемқорлық туралы хабарлағаны үшін жарты миллионға жуық сыйақы берді
Фото: Stan.kz
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі шілде айындағы жұмысын қорытындылады. Ведомство 17 құқық бұзушылық фактіні анықтап, мемлекетке жүздеген миллион теңге көлемінде шығынды өтеп, жемқорлық туралы хабарлаған екі азаматты марапаттады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, шілде айында қылмыстық кодексітің бірқатар баптары бойынша сараланатын 17 құқық бұзушылық фактісі тіркелген.
“Билікті және лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактісі бойынша 3, 5 пара алу, 4 пара беру, 2 алаяқтық фактісі, сондай-ақ жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу бойынша бір-бір факті анықталды”, – деп мәлімдеді Ұлттық қауіпсіздік комитеті.
Сотқа жалпы 16 қылмыстық іс жолданған:
- Алаяқтық бойынша – 6 факті;
- Пара беру – 3;
- Пара алу – 2;
- Ақпаратты құқыққа сыйымсыз жою немесе түрлендіру – 1;
- Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату) – 1;
- Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану – 1;
- Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу – 1
- Қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру – 1.
Аяқталған істер бойынша мемлекетке 113,6 миллион теңге көлемінде залал өтелді. Құны 619,1 миллион теңге мүлікке тыйым салынды.
Сондай-ақ ведомство сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін екі азаматқа 471,84 мың теңге сыйақы табыстап, марапаттады.
Қазір сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жұмыстары жалғасып жатыр.

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
