Алматы мен Астанада элиталы пәтерлерді арзанға аламыз дегендер 1 миллиард теңгеге алданып қалды
Фото: oren.aif.ru
Астанада екі әйел 1 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырғаны үшін сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тергеу деректеріне сәйкес, таныс екі әйел бірнеше жыл бойы өзін мемлекеттік бағдарлама өкілі етіп көрсетіп, арнайы алаяқтық схемасын құрған.
"Олар кеңсені жалға алып, жұмыс істеп тұрған ЖШС-ның деректемелерін пайдаланып, азаматтарды жеңілдетілген шарттармен Астана мен Алматы қалаларында орналасқан жоғары санатты тұрғын үй алу, мемлекеттік бағдарлама аясында несие мен қарыз рәсімдеуге уәде беріп, жалған келісімшарттар жасасу арқылы жаңылыстырған", – делінген прокуратура мәліметінде.
Олардың әрекеті салдарынан 150 жәбірленуші жалпы 1 миллиард теңгеден астам шығынға батқан. Сот үкімімен айыпталушылардың әрқайсысы 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оларға 5 жылға материалдық жауапкершілігі бар және басшылық қызметтер атқару құқығынан айырылды.
Келтірілген материалдық шығын сот шешімімен өтелді. Үкім заңды күшіне енді.

"Қазақтар тұрмайтын Германияда тіліміз қазақша шықты": Шетелде туып-өскен қазақ жігіті желі қолданушыларын несімен сүйсіндірді
