Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екі алған оқушыға ұқсайсыз: Депутат Еділ Жаңбыршин мұнай компаниясының бас директорын сынады

Фото: Видеодан скрин

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин “Матен Петролеум” мұнай компаниясының бас директоры Лю Цзиньчэнді қатаң сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Аталған жағдай Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің отырысында болды. Жиында “СНПС-Ақтөбемұнайгаз”, “Матен Петролеум” және “Бұзашы Оперейтинг ЛТД” филиалының сатып алуларында қазақстандық тауарлар мен қызметтердің үлесін көбейту мәселесі қаралды. 

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин “Матен Петролеум” АҚ бас директоры Лю Цзиньчэннен компанияның қазақстандық тауар өндірушілермен ұзақмерзімді келісімшарттары бар-жоғын сұрады. Сұраққа бас директордың орынбасары жауап бермек болғанда, депутат қарсы үн қатты. Ол:

“Жоқ, өзіңіз жауап беріңіз. Бас директор болып отырсыз ғой. Жоғары жалақы аласыз. Лю мырза, айтыңызшы, ұзақмерзімді келісімшарттар бар ма, жоқ па?” деді. 

“Бар”, – деп жауап берді Лю Цзиньчэн.

“Қанша?” – деп сұрады депутат.

Осы сәтте көмекшілердің бірі Лю Цзиньчэнге жауапты сыбырлап айта бастады. Мұны байқаған Жаңбыршин компанияға сұрақтар алдын ала жіберілгенін ескертті. Солай деген депутат: “Сіз дайын емессіз бе? Бұл сұрақтарды сіздерге алдын ала жолдадық қой” деп үн қатты. 

Ал оған Лю Цзиньчэн: “Есте сақтау қабілетім онша жақсы емес” деп жауап берді.

Осыдан кейін бас директор көмекшінің айтқанын қайталап жауап беруге тырысты. Бұл депутаттың тағы да наразылығын туғызды.

“Кешіріңіз, бірақ сіз екі деген бағаға оқыған оқушы сияқтысыз. Бас директор ретінде кіммен, қандай тауар позициялары бойынша, қай жерде орналасқан компаниялармен, қандай сомаға және қандай мерзімге ұзақмерзімді келісімшарт жасағаныңызды анық білуіңіз керек. Сіздерде бар болғаны алты компания. Ал сіз мектептегі екілік алған оқушы сияқты, жауап бере алмай отырсыз”, – деді Жаңбыршин.

Сын “Бұзашы Оперейтинг ЛТД” филиалының бас директоры Чжу Айцзюньге де айтылды.

“Біз қазақстандық компаниялардың атын жамылып, шетелден жабдық әкеліп, тауарды осында өндірілгендей етіп жеткізетін жағдайлар бар екенін білеміз. Шын мәнінде бұл Қытайда немесе Ресейде өндірілген өнім. Мұндай фактілер бар. Сіз жеткізушілерді барып көріп, шынымен өздері өндіре ме, әлде бір жерден алып келіп, құрастырып, тек таңбасын ауыстырып сата ма, соны тексеруіңіз керек. Ал сіздер мұны бақыламайсыздар”, – деді депутат.

Отырыс соңында депутат компания басшыларынан барлық сұраққа жазбаша түрде жауап беруді талап етті.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 12 Ақпан, 2026 15:55