Екі адам қаза тауып, төртеуі жараланды: Манчестер синагогасына жасалған шабуыл теракт деп танылды
Фото: BBC, видеодан скрин
Белгісіз адам Англияның Манчестер қаласындағы синагогаға келушілерді көлікпен қағып, пышақпен шабуыл жасаған. Шабуыл Йом-Киппур мерекесі кезінде болған. Салдарынан екі адам қаза тауып, төртеуі ауыр халде жатыр. Шабуыл жасаған адам полиция қару қолданған соң, алған жарақатынан қайтыс болды. Билік бұл оқиғаны террористік шабуыл деп атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
2 қазақ күні кешке полиция шабуылға қатысты үш адамның қамауға алынғанын хабарлады. Олар 30-дан асқан екі ер адам және жасы 60-тан асқан бір әйел. Ұлыбритания полициясы ресми түрде Манчестердегі синагогаға жасалған шабуылды террористік акт деп танып, күдіктінің атын атады. Олардың дерегінше, шабуыл жасаған адам – 35 жастағы Джихад әл-Шами.
"Ол Сириядан шыққан Ұлыбритания азаматы", – делінген хабарламада.
Фото: PAUL CURRIE/AFP
Манчестер полициясының бастығы Стивен Уотсонның айтуынша, синагогаға шабуылдаушы кіріп үлгермеген, оған қауым мүшелері тосқауыл болған.
"Шабуыл кезінде синагогада көп адам болған. Бірақ қауіпсіздік қызметкерлері мен қауым мүшелерінің батылдығы, полицияның шапшаңдығының арқасында шабуылшы ғимаратқа кіре алмады", – деді ол.
Фото: BBC
Оның айтуынша, шабуылшы адамдарға көлігін бағыттаған, ал үстіне жарылғышқа ұқсайтын жилет киіп алған. Уотсон азаматтарға полицияны дереу шақырғаны үшін алғыс айтып, оқиғаға жеті минутта жауап берілгенін айтты. Шабуылшы алғашқы қоңыраудан жеті минут өткен соң атып өлтірілген.
Оқиға орнында жарылғыш заттарды залалсыздандыру тобы жұмыс істеді. Билік мәліметінше, куәгерлер естіген дыбыс күдіктінің көлігіне кіру үшін қолданылған арнайы құралдардың әсерінен шықты.
Кейінірек оқиға орнына Ұлыбританияның арнайы әскери күштеріне тиесілі SAS бөлімшесінің Blue Thunder тікұшағы да келді. Мұндай техниканы қолдануға рұқсатты тек үкіметтік COBRA комитеті береді.
Бәрі неден басталды?
2 қазан күні сағат 09:31-де полицияға тұрғын қоңырау шалып, белгісіз ер адамның синагога жанында тұрғынға пышақ жарақатын салғанын айтқан. Полиция қарулы қызметкерлерді жіберіп, олар шабуылшыға оқ атқан. Шабуылшы оқиға орнында алған жарақатынан көз жұмды.
Куәгер жерде қансыраған ер адамды, қасында пышақ ұстаған тағы бір адамды көргенін айтты. Полиция бірнеше ескерту жасап барып, қару қолданған. Жедел жәрдем төрт адамның жараланғанын растады. Олар жарақатты көлікпен соғу және пышақ жарақаты салдарынан алған.
Манчестер мэрі Энди Бернхэмнің айтуынша, қауіп сейілгенін айтып, тұрғындарға полиция тергеу жүргізгенше бұл аймақтан аулақ болуды ескертті. Синагогада болған адамдар қауіпсіздік үшін біраз уақыт ішінде болып, кейін эвакуацияланды.
BBC шабуылшы болуы мүмкін адамның суреті оқиға орнында түсірілгенін растады. Онда шашы қырылып алынған, сақалы бар, қара киінген, белінде ақ түсті заттары бар ер адам көрінеді.
Фото: PA Media
Оқиға Йом-Кипур күні болды – бұл еврей күнтізбесіндегі ең қасиетті күн. Хитон-Парк синагогасының ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, сол күні таңғы сағат 9-да дұға етуге жиналу жоспарланған.
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Еуропалық саяси қауымдастық саммитінен (Копенгаген) шұғыл оралып, COBRA комитетінің шұғыл отырысын өткізді.
"Крампсоллдағы синагогаға жасалған шабуылға қатты жаным жылап тұр. Оның Йом-Кипур – еврейлер үшін ең қасиетті күнге тұспа-тұс келуі оқиғаны одан сайын қорқынышты етеді. Жапа шеккендердің отбасына көңіл айтамын. Жедел қызмет пен бірінші болып жеткендерге алғыс айтамын", – деді премьер-министр.
Фото: BBC
Стармер Манчестердегі оқиғадан кейін Ұлыбритания бойынша синагогаларға қосымша полиция күші жіберілетінін мәлімдеді.
"Біз еврей қауымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барымызды саламыз", – деді ол.
Ұлыбритания королі ІІІ Карл мен королева Камилла да теракт туралы хабарды "қайғырып, үлкен күйзеліспен" қабылдағанын жеткізді.
"Осы қорқынышты оқиғадан зардап шеккендердің бәріне ойымыз бен дұғамыз бағытталған. Жедел қызметтің батыл әрекеттерін жоғары бағалаймыз", – делінген монархтың мәлімдемесінде.

2026 жылы жаңа Салық кодексі қабылданғаннан кейін бизнеске не болады?
