Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны орманда өрт шығарғаны үшін екі жарым жылға бас бостандығынан айырылды
Риддерде отбасымен табиғат аясына демалысқа шыққан 36 жастағы тұрғынның жаққан оты таралып кетіп, салдары үлкен өртке әкеліп соққан. Екі адам қаза тапқан бұл іске қатысты қалалық сот үкім шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Іс материалдарына сәйкес азамат отбасымен демалысқа шығып, от жаққан. Кейін от тез тарап, өрттің жайылуына себеп болған. Ол таралған жалынды өшіруге өзінің жалғыз шамасы келмегендіктен оқиға орынынан қорқып кетіп қалған. Салдарынан екі адамның қазасы мен түрлі ауыр жарақаттар болды”,- деді сотта.
Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің "Ауыр зардаптарға әкеп соққан және аса ірі залалға әкеп соққан отқа абайсызда қарау арқылы жасалған бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру" және "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу" баптарында көзделген ең жоғары жаза бес жылға бас бостандығынан айыру болатын. Алайда сот жазаны жеңілдететін мән-жайларды да ескерді.
Азаматқа 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы қабылданды.
"Атап айтқанда сотталушының асырауында кәмелетке толмаған баланың болуы, жауаптылықты ауырлататын мән-жайлардың болмауы, тұрғылықты жері мен жұмысы бойынша оң анықтамасы, соттылығының болмауы, кінәсінің абайсызда болуын ескере отырып, сотталушыны қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шешім түпкілікті 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасымен қабылданды", - деп хабарлады сот.
Сот іс бойынша 15 талап арызды қарады. Айтуларынша 125 378 367 теңге залал өндірілді. Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Өрт 2021 жылдың 10 мамырында Риддер орман шаруашылығының орталық орман шаруашылығында болды. Жалын Лесхоз ауылына дейін тарады. Салдарынан бес көшедегі 35 үй мен тоғыз шаруашылық ғимараты, сондай-ақ бес автокөлік пен техникалық қызмет көрсету станциясы жанып кетті.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
