“Шетелде жүріп түк бітірмеді” Дулат Исабеков АҚШ-тан Түркияға қоныс аударған Мұхтар Мағауинді айыптады
Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы, драматург Дулат Исабеков әдебиет төңірегінде әңгіме өрбітіп, қоғам мен саясат жөнінде ойын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Adal adam youtube арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Сұхбат барысында жазушы Мұхтар Мағауинге де тоқталды.
“Екі жазушы тату болса екен деген ой дұрыс. Екеуміз жазысқан хаттардан хабарларың бар шығар. Оның тірлігіне қарап, қалай ішке тартып, бауырыңа басасың. “Жұлдыз” журналын 19 жыл басқарып, “Менмен” ғана кетті. Өзін мақтайтын мақала ғана жазды. “Әдебиетте Мұхтар Әуезовке тиісе алмады, бірақ содан кейінгісі – менмін” деді. Осы сөзін Семейдегі жиында айтқан болатын. Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығын мейрамханада атап өткен едік. Уақыт аз, асығыс ұшуымыз керек. Шота-Аман Уәлиханов мен бірауыз сөз айтамын деді. Микрофонға жақындап, “Әрбір 50 жылда Семей топырағы бір-бір Мұхтарды беріп тұрсын” деді. Оны естіп тұрған Мұхтар Мағауин сахнаға жүгірді. “Шота не деп кетті, 50 жыл неге күтесің, тұрмын ғой мына мен” деп ренжіп қалды. Мықты жазушы осылай деп айта ала ма?!. Әуезовтің өзі олай айтпас еді. Жазушыға тән байсалдылық жоқ”, – деді жазушы.
Сонымен қатар драматург үзеңгілес замандасының шетел асып кеткенін де қолдамайтынын жасырмады.
“Мұхтар Мағауин шетелге диссидент болып кетті деген әңгіме тарады. Маған да журналистер “Ол шетелге диссидент болып кетті ғой” деп пікірімді сұрады. Оны кім шығарып жүргенін білмеймін. Ол диссидент емес. Баласы Чехияда тұрады, соның қолына тұруға кетті. Одан кейін Америка асты. Жағдайын жасады. Ағылшын тілінің ортасында жүріп, түк бітіріп жатқан жоқ. Тым болмаса өз шығармаларын насихаттау арқылы қазақ әдебиетін әлемге танытса болады ғой. Жатыр жым-жырт. “Алтын Орда”, “Шыңғыс хан” романдарын жаза берсін. Оған дауым жоқ. Сол еңбектерін ағылшын тіліне аударып, қазақ әдебиетін әлемге танытпай ма?!. Кезінде Әнуар Әлімжанов екі ай бойы Америкаға барып, әл-Фараби жайында лекция оқып келген. Мағауин өзін ғалыммын деп есептейді. Онда неге университеттерде қазақ әдебиеті туралы дәріс оқымайды. Сол сөзімді біраз жұрт қолдады. Екеуміз татуластық дейік, одан не пайда?!. Соңғы жазғанына тас-талқанын шығарып жауап бергенмін. Кейін жауап та жазбайтын болды”, – дейді әдебиет өкілі.
Еске салайық, Мұхтар Мағауин жерді сатуды қолдаған кейбір қаламгерлердің атын атағанын жазған болатынбыз.