Ғалымдар Каспий теңізі екіге бөлінетінін ескертті: Бұл Қазақстанға қандай қауіп әкеледі?

Фото: Pixabay.com
Әзірбайжандық География институтының ғылыми қызметкері Мирнух Исмаилов Каспий жас таулар түзілетін аймақта орналасқан, сондықтан теңіз екі бөлек су жүйесіне бөлінуі мүмкін деп мәлімдеді. Осыған орай Stan.kz ақпарат агенттігі қазақстандық сарапшылардың пікірін білді.
Институттың қызметкерлері Minval сайтына Каспий теңізінің таяздануы аймақтың келбетін өзгертуі мүмкін ауқымды процестердің бір бөлігі екенін айтқан. Олар теңіз деңгейінің төмендеуін белсенді тектоникалық үдерістермен түсіндіреді. Исмаиловтың айтуынша, болашақта Каспий теңізі екі бөлек су жүйесіне – солтүстіктегі Дербент шұңқыры мен оңтүстіктегі Лянкяран шұңқырына бөлінуі мүмкін.
"Каспий белсенді тектоникалық аймақта орналасқан. Кавказда тау түзілу процесі аяқталмағандықтан, біз су деңгейінің төмендеуін бақылап отырмыз. Ал тектоникалық процесс – әдетте өте ұзаққа созылатын құбылыс", – деді Институттың ғылыми қызметкері Мирнух Исмаилов.
"Екіге бөлінуі әбден мүмкін, тек жақын жылдары емес"
"Эко Мангистау" қозғалысының жетекшісі Кирилл Осин әзірбайжандық ғалымдардың қаупін түсіндіріп берді. Бұл рас болғанымен, жақын жылдары бөліне қоймайтынын жеткізді.
"Бүгінде Каспий теңізінің деңгейі одан әрі төмендесе, таяз солтүстік бөлігі бөлшектеніп, тереңірек оңтүстік бөліктен ішінара бөлініп қалуы мүмкін деген ғылыми сценарийлер расымен талқыланып жатыр. Дегенмен бұл жақын жылдары бола қоятын мәселе емес. Негізінен бұл – Еділ өзенінің су ағымының азаюы және климат өзгерістеріне байланысты буланудың артуы салдарынан болатын ұзақ мерзімді қауіп. Егер теңіз деңгейі 7–9 метрге төмендесе (болжам бойынша 2100 жылға қарай), онда бұл жағдайда екі көл пайда болады", – деп түсіндіріп берді "Эко Мангистау" қозғалысының жетекшісі.
"Ең әуелі Каспийден су ішіп отырған қалаға әсер етеді"
Сонымен қатар эколог Каспийдің тартылуы Қазақстан үшін қай жағынан қауіпті екенін айтып берді.
"Каспийдің тартылуы ең әуелі Ақтауға әсер етеді, себебі онда теңіз – тұщыландырудан кейінгі ауыз судың жалғыз көзі. Ал теңіз деңгейінің төмендеуі қазірдің өзінде қиындық тудырып отыр. Биыл қыста су алу арналары бірнеше күнге қатып қалды. Оған су деңгейінің төмен болуы және арнада түп тереңдету жұмыстарының жүргізілмеуі себеп болды. Ал жазда таяздыққа байланысты тұщыландыруға алынатын судың температурасы жоғарылайды, бұл өз кезегінде "МАЭК" ЖШС инженерлерінің айтуынша, тұщыландыру технологиялық процесіне де әсер етеді", – дейді маман.
Кирилл Осин Каспийдің тартылуы Ақтау теңіз порты мен "Қашаған" кен орнына зиянын бүгіннің өзінде тигізіп отыр дейді.
"Екіншіден, Ақтау – жалғыз теңіз қақпасы, ал су деңгейінің жылдам төмендеуі болашақта Ақтау теңіз порты мен Құрық портының жұмысына ықпал етуі мүмкін. Үшіншіден, солтүстік таяз Каспийдегі "Қашаған" кен орны бүгін теңіз деңгейінің төмендеуінен ең көп қысымға ұшырап отыр. Аралдарға қызметкерлер мен жүктерді жеткізу қиындай түсті. Мұнда экологиялық қауіпсіздікке қатысты мәселелер де бар. Теңіз деңгейінің төмен болуына байланысты штаттан тыс жағдайлар болған кезде кемелердің қозғалысы үшін проблема пайда болады. Сондықтан бұл бөлікте түп тереңдету жұмыстары өте маңызды" – дейді ақтаулық эколог.
Оның сөзінше, теңіздің таяздануы Каспийдің биоалуантүрлілігіне қазірдің өзінде әсер етіп отыр. Атап айтқанда, теңіз итбалықтарының үйреншікті жатақ орындары өзгеріп жатыр. Мысалы, Кендірліде және Итбалық аралдарында 2019 жылдан бері итбалықтар байқалмайды. Бұған себеп – браконьерлік және теңіздің таяздануы.
Сондай-ақ Каспий теңізіндегі судың төмендеуі Қазақстан теңіз порттарының жұмысын қиындатып, Транскаспий дәлізі арқылы мұнай көлемін арттыруға кедергі келтіреді. Теңіз деңгейі 5–15 м төмендеген жағдайда, Қашағанда қолданылып жатқан теңіз платформалары мен логистикалық жүйелер "құрлыққа" айналуы мүмкін.
"Қазақстанға тиесілі теңіз бөлігі толықтай шөлді аймаққа айналады"
Қазақстандық тәуелсіз экологиялық шолушы, жабайы табиғат фотографы Сәкен Ділдахмет әзірбайжандық ғалымдардың сөзін басқаша түсіндірді.
"Екіге бөлінбейді деп ойлаймын, тек Қазақстан мен Ресей сусыз қалу қаупі бар. Біз жақ теңіздің солтүстік акваториясы болғандықтан Каспийдің таяз жағы бізде. Ғылыми ұйымдардың болжамынша, Каспий теңізінің деңгейі ғасыр соңына қарай 9-18 метрге дейін түсіп кетуі мүмкін. Бұның салдарынан теңіздегі су солтүстік Каспий шельфінен (Қазақстан жағы), оңтүстік-шығыс жақтағы түркімен шельфінен және оңтүстік пен орталық Каспийдің теңіз жағалауынан кетіп қалады. Бұдан бөлек, теңіздің шығыс бөлігіндегі Қара-Боғаз-Ғол шығанағы кеуіп кетуі ықтимал. Теңіз деңгейі 9 м түссе, онда Каспий теңізінің ауданы 23%, ал 18 метр түссе, 34% кішірейеді. Бұл дегеніміз Қазақстанға тиесілі теңіз бөлігі толықтай шөлді аймаққа айналады деген сөз. Сонда Арал теңізінің кеуіп қалған табаны секілді болмақ. Бұл Атырау, Маңғыстау облысының экологиясына, экономикасына үлкен зардабын тигізетіні сөзсіз. Теңізде бар 150-ден аса ихтиофауна мен экожүйе үлкен шығынға ұшырайды", – дейді экологиялық шолушы.
"Теңізбен шектескен барлық мемлекетке үлкен экономикалық шығын келеді"
Каспий маңы мемлекеттері үшін (Әзірбайжан, Иран, Ресей, Түрікменстан жөне Қазақстан) теңіздің экономикалық рөлі зор. Себебі бес мемлекет арасындағы логистика, тауар айналымы мен көмірсутек тасымалы осы Каспий теңізі арқылы жүзеге асып отыр.
"Теңіздің Қазақстандағы бөлігіндегі Қашаған мұнай және газ кен орны жылына бюджет табысын еселеп отыр. Ал Әзірбайжан мемлекеттік мұнай қоры осы теңізде орналасқан кен орындарынан жылына 3,3 млрд доллар пайда көреді. Бұдан бөлек, теңіз маңынан ауланатын тауарлы балық шаруашылығының үлесі 12 мың тоннаға жетіп, еліміздің экспортқа шығаратын балық өнімдерінің санын арттырып отыр. Жалпы алғанда, Қазақстан жылына 60 млн доллар сомаға балық өнімдерін экспорттайды. Соның басым бөлігі Каспий теңізінен балық аулайтын балық шаруашылықтарына тиесілі. Ал Ресей Каспийден жылына 300 мың тонна балық аулайды. Бұл көлем олардың ішкі су айдындарындағы балық аулаудан 30%-ына тең. Жалпы Каспий теңізінің биологиялық ресурсы нарықта 6 млрд долларға бағаланады. Тағы да қоса кететін ақпараттың бірі, әлемде ауланатын құнды бекіре тұқымдас балықтардың 90%-ы осы Каспий теңізінен ауланады. Демек, Каспийдің тартылуы экологияға ғана емес, осы теңізбен шектескен барлық мемлекетке үлкен экономикалық шығын алып келеді. Теңіз ортақ болғандықтан, бес мемлекет барынша тиімді шешім қабылдауы қажет", – дейді шолушы.
Дегенмен Көлік министрлігі Каспийдің әрі қарай да таяздануына дайынбыз деп отыр. Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаровтың сөзінше, таяздап бара жатқан Каспий теңізі Қазақстанның Транскаспий көлік бағыты арқылы логистиканы дамыту жөніндегі ауқымды жоспарларына кедергі болмайды.
"Біз Ақтау мен Құрық теңіз порттарын жаңарту, Каспийдің түбін тереңдету үшін ауқымды жұмыс істеп жатырмыз. Бұл шаралар транзит, экспорт және импорт жөніндегі жоспарларымызды орындауға көмектеседі. Экология министрлігімен бірлескен жобалар да бар, олар Каспийдің таяздану процесін бақылауда ұстап отыр. Ғалымдарымыздың қорытындысын күтеміз. Еуропалық зерттеушілер де жұмысқа қосылды. Сондықтан ғылыми тұжырымды күткен дұрыс", – деді көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысында тағы да итбалықтар қырылып жатқанын хабарлаған едік.
"16 жерінен пышақтап, сойып тастаған": Алматы облысында әкесі 15 жастағы қызын қатыгездікпен өлтірді деген күдікке ілінді