Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Екеуімізде де қателік бар”: Салтанат Құдайбергенова ажырасқаннан кейінгі өмірі туралы экслюзив сұхбат берді

Дәстүрлі әнші Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтердің қызы Салтанат Құдайбергенова үнемі ел аузында. Оның себептерін актриса тілшімізге түсіндіріп берді.

– Салтанат, әңгімені талқылаудан бастайықшы. Бір қызығы, жиі әлеуметтік желіде сізді оқырман талқылап, сынап жатады. Неліктен деп ойлайсыз?

– Менің ата-анам дәстүрлі әншілер ғой. Олардан шыққан балалар ұзын көйлек киіп, моп-момақан болып жүру керек деген қайдан келгені белгісіз түсінік бар. Ал енді менің фильмдегі рөлдерім, образдарым мен еркіндігім қазақи деген шеңберге сыймай қалады. Сондықтан көп талқыға түсіп жатамын. Бірақ кино –  ол менің жұмысым, қандай образ сомдасам, мен сондаймын деген сөз емес. Жаным, жүрегім, ойым қазақ деп соғады. Ең бастысы осы деп білемін.

– Соңғы кездері көптеген телехикая мен толық метрлік фильмдерде бой көрсетіп жүрсіз. Биыл сіз үшін жемісті жыл болған сияқты…

– Иә, Аллаға шүкір жемісті жыл болуда. Қазіргі таңда актерлікке бет бұрып жүрмін. Оқуын бітіріп, өзім сүйіп таңдап алған мамандығым. Сол мамандық бойынша тынбай еңбек етіп, ізденісте жүрмін. Әрбір туынды өзіме ыстық. Тіпті, кейбір образдарды сомдау барысында жаныма жақын, табиғатыма келетін, тағдырыма ұқсас сәттерді де көріп қаламын.

 Кинокартиналарға шақырту алған кезде қоятын арнайы талап-қағидаларыңыз бар ма?

– Әрине, әрбір еңбек бағалануы керек деп білемін. Бірінші, актерлік құрамға үлкен мән беремін. Сонымен қатар бұрын-соңды қайталанбаған рөлдерді таңдауға тырысамын. Үшіншіден, сценарийге қарайымын. Көрермен экраннан біздің түрімізді көреді, даусымызды естиді. Сөз-көздің барлығы бізге тиеді. Сол себепті, рөл алмас бұрын ұзақ ойланасың. Алайда режиссерлер көбінесе бір рамкадан шықпайды. Бір мінез-құлықпен көрініп қалды ма, солай шақыра береді. Біз актерміз ғой. Актер болғаннан кейін экспериментті жақсы көреді. Өз басым экспериментті қатты ұнатамын. Бұған дейін мені тек «стерваның» рөліне шақыра беретін. Шапағат Орынбаев деген режиссерден «неге мұндай рөлдерге шақыра бересіңдер?» деп сұрасам: «сен жынданғанда рөлді күшті алып шығасың» деген. Бірақ мені «Шымкент – менің махаббатымға» шақырған кезде мен таңғалдым. Себебі ол жерде кейіпкер – керісінше аңқау, тез сенгіш Шымкенттің қызы. Рөлге дайындық барысында диалект сөздерді арнайы жаттадым. Шымкенттің диалектикасын сіңіріп алып, енді кетіре алмай жүрмін. «Өлә» деп жүрмін.

– “Тойдың боларынан боладысы қызық” демекші, фильмнің түсірілімі барысында талай қызық орын алатынын ақиқат қой. Сондай бір оқиғаны оқырманмен бөлісе аласыз ба?

– Мелодрама, драмалық фильмдердегі рөлдер маған енді-енді бұйырып жүр. Театрда оның бәрін 1000 рет сынап көрдік қой. Бірақ кинодан енді-енді көріп жатырмын. Жылайтын сахналарға жүрегім ауырады. Шынымен де, кейіпкерімді сезініп, жүрегімнен өткіземін. «Шымкент – менің махаббатымда» жылайтын сахна бар. Содан кейін жарты сағат өз-өзімді баса алмай отырғаным есімде. Одан кейін келесі сахнаны түсіру керек. Менің көз жасым кетпейді. Сөйлей алмай біраз қиналғанмын. Өзімнің жылағанымды экраннан көргенде де бірге қосылып жылаймын.

– Жоғарыда кей кейіпкерлердің тағдыры ұқсас, кейбірі кейін өмірімде кездеседі деп қалдыңыз. Сол тақырыпты толықтырып айта аласыз ба?

– Мысалы, «Жат туыстардағы» оқиға менің өмірімде болған еді. Кейіпкерімді зерттеу барысында «Маған бұл рөл ертерек келгенде ғой» деген ой болғаны рас. Мысалы, «Жайна» телехикаясында қалталы азаматтардың басын айналдырып алатын алаяқ қыздың рөлім сомдадым. Бір жылдан соң өмірімде олигарх жігіттер көптеп кездесе бастады. Дегенмен мен ондай адамдармен сөйлесе алмаймын. Себебі егер оның жүрегінде шынайы махаббат пен көңілі болмаса, адамның ақшасы не керек.

– Содан кейін жағымсыз рөлдерден, бақытсыз образдардан бас тартамын деген ойға келмедіңіз бе?

– Жоқ. Негізі мұның барлығын жай сәйкестік деп қабылдағым келеді. Біздің тағдырымызды жазатын кинодағы рөлдеріміз емес, Алла ғой. Тіпті, мені «5:32-де» өлтіріп тастады ғой. Мен оған сенбейді екенмін. Құдай өзі сақтасын. Ол бір Алланың қолында. Олай сенетін болсаң, шынымен де сондай болуы мүмкін. Өйткені адамның ойы ұшқыр, сөз де, ой да жүйрік қой. Тілекті де Алладан бекер тілемейсің ғой.

– Ән әлемінде қандай өзгерістер бар. Білекті түріп жіберіп, арты-артынан той әнін жазып, тойда жүру жоспарда бар ма?

– Жоқ, ол менің хоббиім. Мен бірінші кезекте актрисамын. Әншілік ол қанымда бар дүние. Ешқайда қашпайды. Мысалы, сериалдардағы образдарымнан шабыт алып, әндерім шығады. 6 саундтрек жаздым. Ең бірінші, «Кенжеден» басталды. Рөлді сомдап жүргенде шабыттанып, «Кенже» деген ән шықты. «Бикештер» шықты. «Акимат қайда қарап отыр?» шықты. «Миллион» командасы: “Өлең жазып берші, көрейік, сенің стилің ұнайды” деген соң, «Жездухаларды» қолдап, «Жездуха» әні шықты.

– Сізді халық Ерболаттың “Салтанат” әнімен таниды. Бұл ән жалпы қалай шыққан?

– Иә, мені «Салтанат» қылған – ағам және әке-шешем. Себебі кішкентай кезімде бүкіл халық осындай қыз бар екен деп білді. Ағама алғысым шексіз. Менің де ағамның өнеріне септігім тиді, оның көмегі маған да тиді. Біздің отбасымызда махаббатты әнмен жеткізу дәстүрі бар. Әкем менің кішкентайымда еркелетіп ән шығарды. Бірақ оны айтпаймын. Оны сол кісі ғана баянмен айтады. Ерболат ағам 9 жасында Салтанат әнінің қайырмасын  қобызбен шығарған. Ол кезде мен бесіктегі жылауық сәби болыппын. Қобыз ойнаса, тыңдап жатады екенмін. Сол кезде мені жұбату үшін ағам қобызбен айтып отырыпты. Әкем естіп қалып, әрі қарай шығарған. Әншілікке ағам итермеледі. Өзі попурий жазып берді.

– Жалғызбасты анасыз. Бала тәрбиесі бір өзіңізге ауыр емес пе?

– Аллаға шүкір, жанымда Әке-шешем бар. Ата-енеммен жақсы араласамын. Қызымның әкесі де қолдайды. Бәріміз тату-тәтті қызымызға жақсы тәрбие беруге тырысудамыз.

– Түсінгенім бойынша экс-жолдасыңызбен қарым-қатынасыңыз жақсы қалыпта сақталған сияқты. Солай ма?

– Иә, анамның тәрбиесінің арқасында бір балансты ұстап қала алдық. Басында қырсықтық болды. Екеумізде де реніш бар. Реті келсе, бір-біріміздің жанды жерімізден тырнап алғымыз келетін. Сол кезде анам: “Қызым, балаңды ойла. Ырылдасқаннан саған да, оған да, ең бастысы балапандарыңа да оңай болмайды” деп ақылын айтты. Осы сөзден кейін мен есімді жинап алып, баламды ойлай бастадым. Ажырасудың салдарынан көп ата-аналар эгоист болып кетеді. Өздерінің реніштерін алдыға қояды да, баланы ұмытып жатады. Баланың болашағы бізге байланысты ғой. Қазір ол психолгиялық травма алып қалса, кейін оның  қиындығын қартайғанда өзіміз көреміз. Анам көпті көрген адам ғой. Осының бәрін қадам-қадамымен түсіндіріп берді.

– Қызыңызға қаншалықты көп уақыт бөлесіз?

– Негізі сенбі-жексенбі отбасылық күн деп белгілегенбіз. Бірақ біз өнер адамдарында тұрақты кесте бола бермейді. Мысалы, осы жолы түсірілім 3 айға белгіленген. 3 айда 10 күн ғана демалыс болды. Сол он күн демалыста қызым екеуміз бірге жүрдік. Ол бәрін түсінеді. Кішкентайынан өнерлі отбасынан көріп келе жатыр ғой. Кейде ренішін TikTok-тағы әзіл видеодармен білдіріп қояды.

– Қызыңыз өнер жолына барамын десе қалай қабылдайсыз?

– Әрине. Енді кішкене әкесі басында қарсы болды. Дегенмен қызының бойында өнері тұнып жатқанын ол да көрді. Қолөнерге жақын. Өзі отырып туған күндерімізде неше түрлі қолдан сыйлықтар жасайды. Алдында үйге келсем, қағаздан тәпішке жасап алыпты. «Қызым, саған тәпішке алып бермей жүрмін бе?» десем, – «Жоқ, мен оны өзім істедім ғой» дейді. Сонда өз қолымен жасағаны, өзінің фантазиясын қосқаны өзіне жақын, ыстық болып тұр ғой.

– Қазір мектепте нешінші сыныпта оқып жатыр? Сабақ үлгерімі қалай?

– Үшінші сыныпта оқуда. Бұрын басқа жеке мектепте баратын. Ол мектеп ұнаған жоқ. Сабағына қатты қарамады. Баланың көңіліне қараған шығар мүмкін. Мұғалімді жаман деп айта алмаймын. Жақсы кісі, еңбек өтілі де көп. Мүмкін, балаға кішкене жұмсақ болған шығар. Бұл бала ерке болғаннан кейін, басқаша икеммен қарау керек. Мұғалім әр балаға әртүрлі тәсіл қолданғаны жөн деп ойлаймын. Бұрынғы мектептегі бағасына білім деңгейі сай келмейтіндей көрінді. Маған баланың сабақтағы бағасы емес, алған-үйренген білімі маңызды. Сондықтан осы оқу жылынан бастап жаңа мектепке ауысып жатырмыз. Бұл жолғы мұғалімі өте жайдары жан екен. “Мен балаларға қаталмын. Ұрысамын” деп әзіл-шыны аралас ескертіп жатыр. Солай болу да керек. Мұғалім деген екінші ата-ана болып кетеді ғой.

– Ешкімге ашылмаған тақырыпта сырласайықшы. Өте жарасымды жұптың ажырасуына не себеп болды?

– Отбасында бір адамнан ғана қателік болмайды ғой. Екеуімізде де қателік бар. Шын жақсы көріп қосылдық. Азды-көпті бірге өмір сүрдік. Адам бір-біріне бауыр сияқты болып кетеді екен ғой. Әлі күнге дейін бауырым сияқты, ол маған қарындасындай қорғаныш сезіммен қараймыз. Бәрібір жанымыз ашып тұрады. Әртүрлі себептер болды ғой. Жастық деп ойлаймын. Оған өкінбеймін. Солай болу керек болды. Өсе келе екеуміз де түсіндік. Не үшін бөлек кеткенімізді ол да, мен де іштей білемін. Қай жерде кімнің қателігі басым болғанын да білеміз. Ең үлкен қателігіміз – үйленбей тұрып ең басты сұрақтарды жағада шешіп алмауымызда. Жалпы, өткеніме өкінішім мен өкпем жоқ.

– Күйзеліс болды ма?

– Күйзеліске, әрине, түстім. Менде де, ол кісіде де бұл сезім болды. Ешкім ажырасамыз деп үйленбейді. Ғашық болып, ата-аналарымыз сияқты үлгілі отбасы боламыз деп қосылған жұп едік. Бастапқыда бәрі өте қиынға тиді. Күйзеліс бірден пайда болмайды. Мен барынша позитивті жүрдім. Ішімде күйзелісті жұмыспен жабуға тырыстым. Бірақ ол дұрыс емес. Жыртық шалбардың қалтасына тиын салғандай, жыртық көңілге қуанышты сәттерді қанша салсаңыз да толмайды. Ол астынан төгіліп қала береді.

– Күйзелістен шығу үшін тіпті шашыңызды да тақырлап алып тастаған сияқтысыз. Әлде бұл тек фильмдегі образ үшін жасалған қадам болды ма?

– «Томиристе» шашымды тақыр қылып ырымдап алып тастадым. Бірінші, жаңа өмірді жаңа парақтан бастағым келді. Ішімдегі өкпе-реніштерді Юлия деген гриммер қызға айтатынмын. Сол кісі “о, Салта, бәрін жаңа беттен баста. Мына шаштармен барлық бойыңдағы жаман энергия кетіп, жақсылыққа толы өмір қадам бастауға ниеттен” деп кеңес берді. Ата-анамнан рұқсат алып, ниеттеніп шашымды толық алып тастадым. Маған шынымен көмектесті.

– Ата-анаңыз қарсы болмады ма?

– Ең басында «өй, сонда қалай?” деп қалды екеуі де. Кейін “Сен актрисасың ғой. Осы салада талай жылдар оқыдың, енді қажет деп тапсаң, рұқсат” деді. Анам шашымды кесуге мүлдем келіспейтін. Ол кезде шашым ұзын болған. Басында таңғалып қалдым. Сөйтсем, менің шашым табиғи, мүлдем боялмаған ғой. Анам өзіне бұрым жасап алуды жоспарлаған ғой.

– Салтанат қайтадан тұрмысқа шығуға дайын ба?

– Әрине. Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан. Әйелдік миссиямды орындағым келеді. Тек өзім бақытта бола бермей, басқа отбасын да бақытты етуім керек деп білемін. Алла қаласа тағы да бала сүйгім келеді. Қызым да кейде айтып қояды. «Әкеңнің баласы бар ғой» десем, «жоқ, сенен бауарым болғанын қалаймын» дейді. Қызым менің қасымда. Әкесіне күнде бармайды ғой. Сәбиді өзінің жанында көргісі келеді. Бәрібір де отбасын құру ойда бар. Өз адамымды тапқым келеді.

– Ендеше, Салтанат, көп ұзамай махаббатыңызды тауып, ұзатылу тойыңыздан экслюзив сұхбат беруіңізге тілекшімін! Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Жанар Тайырқызы

 

Талқылау