Екатеринбург тұрғыны Микки Маус бейнеленген күртеше кигені үшін тыңшы деген күдікке ілінді
Фото: antikor.com.ua
9 мамырда Екатеринбургте полицейлер 53 жастағы Людмила есімді қала тұрғынын "экстремистік" күртешесі үшін ұстап, бөлімшеге алып кеткен. Оның киімінде Микки Маус және көк, сары және сұр түстен тұратын үш көлденең жолақ бейнеленген. Әйел шетелдік барлауға жұмыс істейді деген күдікке ілінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі E1.RU желілік басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл жайтқа Людмиланың қызы Анастасия куә болған. Оның айтуынша, анасы жүрек талмасынан жақында оңалған. Қыз полицейлермен болған әңгімені видеоға түсіріп алған.
"Анаң Ресей Федерациясының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 20.3-бабын (Нацистік атрибутиканы немесе белгілерді насихаттау немесе көпшілікке көрсету) бұзды деген күдікпен ұсталды.Экстремизм белгілері бар", – дейді полиция қызметкері.
Ал видеоға түсіріп тұрған Людмиланың қызы Анастасия Қазақстаннан көшіп барғанын, Қазақстанның туында да сары және көк түстер бар екенін, оларды еш себепсіз ұстағанын айтады.
"Ондай ешнәрсе жоқ! Мен суретшімін. Сары мен көк түс болса, болды ма? Біз Қазақстаннан келдік, осында азаматтық алдық. Қазақстанның туында да көк және сары түстер бар", – дейді Анастасия.
Ақыры құқық қорғау органдарының қызметкерлері Людмила мен қызын бөлімшеге алып барып, түсініктеме жаздырған.
“Бізді бөлімшеге алып барды. Ондағы адамдар әлдақайда адекватты екен, бір түсінбестік болғанын түсінді. Анам екеумізден түсініктеме алып, күртешені тәркіледі. Хаттама толтырған жоқ. Күртешені 10 күннен кейін алып кетуге болатынын айтты. Әзірге сотқа беруді ойлап отырған жоқпыз, біздің үстімізден де іс қозғалмаған сияқты. Сол күннен кейін органнан ешкім хабарласқан жоқ, біз күтіп жүрміз. Бастысы, бәрі қалпына келіп, күртешені қайтарса болды”, – дейді Людмиланың қызы Анастасия.
Желі қолданушылардың басым бөлігі полицейлер күртешедегі сары және көк жолаққа бола ұстап алып кеткеніне сенбеген. Ал кейбіреулер әйелдер қолына плакат (мольбертті плакат деп қалған) ұстап шыққан деп ойлаған.
“Ол портрет үлгілері мен “15 минутта дайын болатын портрет” деген жазу еді. Мен адамдардың суретін салып отырғанмын, ал әлгі планшет жұмысымның үлгісін көрсетуге арналған. Мен суретшімін”, – дейді Анастасия.
Ішкі істер министрлігінің Екатеринбург бойынша басқармасы өкілдері бұл жайтқа пікір білдіруден бас тартқан.

"Әйелдерді ылғи ұрысқақ, долы, толық етіп көрсетеді": Қоғам белсенділері қазақ киносындағы әйелдің образы неге өзгермейтінін талқылады
