Егер матчты біреудің сатқаны анықталса, жігітше әңгімелесеміз — Ақтөбенің капитаны Әлібек Қасым
Фото:”Ақтөбе” фк
19 қазан күні Қазақстан Премьер-лигасының 25-турында "Астана" өз алаңында "Ақтөбені" қабылдады. Кездесу қорытындысы бойынша 3:5 есебімен "Астана" жеңіске жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алайда бұл ойыннан кейін түрлі дау-дамай туындап, ақтөбелік футболшылардың қарсыласқа әдейі есе жібергені туралы алып-қашпа әңгімелер тарады.
Күдік "Ақтөбе" капитанына да қатысты айтылды. Осы жағдайға байланысты команда капитаны Әлібек Қасым сұхбат беріп, болған жайтқа қатысты өз ойын ашық айтты.
"Маған жіберген голдарымыз өте біртүрлі көрінді. Қалайша бұлай қақпаға доп өткізіп жатқанымыз ақылыма сыймады. Осыдан кейін қақпашыға өз ойымды айттым. Ал ол маған агрессия танытты. Бұл жағдай ұнаған жоқ, сондықтан мәселені киім ауыстыратын бөлмеде талқылауды ұйғардым. Қақпашыға: “Қазір жанжалдаспай-ақ қояйық, киім ауыстыратын бөлмеде сөйлесеміз” — дедім", — дейді Әлібек Қасым.
Сондай-ақ, футболшы матч барысында болған кейбір жайттар күдік тудырғанын және ойыннан кейін көптеген қоңыраулар түскенін айтты.
"Бірақ, бәрібір осы ойыннан кейін екіойлы болып жүрмін. Өйткені матчтан кейін түрлі қоңыраулар шалынды, тіпті кейбір футболшылардан да күдіктеніп жатырмын. Бұл — қызық ойын болып қалды. Матчтан кейін бәрі анықталса екен деймін. Жалпы, осы жылы кіммен командалас болғанымды, қандай адамдармен бірге футбол ойнағанымды білгім келеді. Егер матчты біреудің сатқаны анықталса, мейлі қазақстандық болсын, мейлі легионер болсын — онда жігітше сөйлесеміз деп келістік", — деді Әлібек Қасым "AmanVibe" YouTube-арнасына берген сұхбатында.
Айта кетейік, "Ақтөбе" футбол клубы 2025 жылғы ҚПЛ маусымын 5-орынмен аяқтап, Еурокубок жолдамасынан қағылды. Ал "Астана" осы жеңістен кейін "Қайратпен" чемпиондыққа таласты. Нәтижесінде алматылық "Қайрат" Қазақстан Премьер-лигасының чемпионы атанды
Халық елде жұмыс, үкімет 500 мыңға жұмыс істейтін адам жоқ дейді. Елде жоғары айлықты кімдер алады?

