Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Егер алаяқтар тұрғынның атынан кредит рәсімдесе банк тұтынушының қарызын кешіруі мүмкін: Мәжіліс жаңа заң жобасы Сенат қарауына жіберді

Қазақстан тұрғындарының екінші деңгейлі банктерден алған несиесі бүгінде 17 триллион теңгеден асып отыр. Осы тұста мәжіліс "кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын мақұлдап, сенатқа жіберді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының бастамасымен 2023 жылғы 20 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілді және 2024 жылғы 6 наурызда бірінші оқылымда мақұлданды.

Комитет төрайымы Татьяна Савельеваның  айтуынша, заң жобасының негізгі мақсаттары азаматтардың шамадан тыс кредит алу тәуекелдерін азайту және олардың проблемалық берешегін реттеу жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау.

“Осы мақсатта тоқсан күннен астам мерзімі өткен берешегі болған кезде азаматтарға кепілсіз тұтынушылық кредиттер беруге, сондай-ақ тоқсан күннен астам мерзімі өткен қазіргі кредиттеріне сыйақы есептеуге тыйым салынады. Мерзімі өткен берешекті реттеу бойынша қарыз алушылардың құқықтарын қорғау үшін төлем мерзімін өткізіп алған кезден бастап 24 айға дейін жеке тұлғалардың талап ету құқықтарын коллекторлық агенттіктерге беруге шектеу енгізіледі және берешекті реттеудің кемінде бір рәсімін міндетті түрде жүргізгеннен кейін ғана беруге рұқсат етіледі”, – дейді ол. 

Бұл ретте, қарыздары бұрын коллекторлық агенттіктерге берілген қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мақсатында жеке тұлғалардың сатып алынған кредиттері бойынша берешекті реттеу рәсімдерін жүргізу жөніндегі коллекторлардың тікелей міндеті енгізіледі.

Берешекті реттеу және оның өсуін болғызбау үшін тұтынушылық кредит ұғымы және оның шекті мәнін уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісі деңгейінде белгілеу енгізіледі. Проблемалық кредиттерді реттеу бойынша азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту үшін барлық банктік қарыз және микрокредит беру шарттары, оның ішінде коллекторларға берілген шарттар бойынша қарыз алушы - жеке тұлғалардың дауларын шешу жөніндегі өкілеттіктер кеңейтіледі.

Сонымен қатар, кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылыту маусымында жалғыз тұрғын үйінен шығаруға тыйым салынады.

“Бұдан басқа, заң жобасында кредиттер бойынша берешекті өндіріп алу процесінде қарыз алушының банктік шотында сақталатын ақша сомасы ең төмен күнкөріс деңгейінің бір еселенген мөлшерінен екі еселенген мөлшеріне дейін ұлғаяды. Сондай-ақ, заң жобасында берешекті реттеу және өндіріп алу рәсімін жүргізу мерзімдерін 18 айдан 12 айға дейін қысқарту көзделген”, – дейді Татьяна Совольева. 

Заң жобасымен жұмыс шеңберінде депутаттар мына мәселелерге қатысты түзетулер енгізді:

  • Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және Ұлттық Банктің бірлескен нормативтік құқықтық актісімен банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерін айқындау;
  • жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз  және микрокредит шарттары бойынша құқықтарды (талаптарды) коллекторлық агенттікке беруге 2026 жылға дейін мораторий енгізу;

Мораторий аяқталғаннан кейін екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін қарыз алушыға қатысты берешекті реттеу жөніндегі рәсімдерді жүргізіп, қарыз алушы өзінің қарызы бойынша берешегін өтей алатын, тараптар үшін өзара қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету шартымен мерзімі өткен берешек туындаған сәттен бастап 24 ай ішінде жеке тұлғалардың кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес кредиттерін коллекторлық агенттіктерге сатуға шектеулер енгізілетін болады.

Осы тұста заң жобасына мынандай өзгерістер енгізілді: 

  • Қазіргі уақытта онлайн несие рәсімдеу кеңінен белең алды. Сондықтан 45 күнге дейінгі мерзімге берілетін 50 АЕК-ке дейінгі микрокредиттің ерекше түрінің күшін жою, сондай-ақ барлық микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін белгілеу ұсынылады.
  • Төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен тұтынушыға банктер мен миркоқаржы ұйымдары несие беруді шектеуі тиіс. Өтелмеген тұтынушылық кредит үшін 90 күн өткеннен кейін сыйақы есептеуге тыйым салынады. Жеке тұлғалар үшін берешек туындаған сәттен бастап 24 ай өткенге дейін, айыппұлдар, өсімпұлдар мен комиссиялардың күшін толық жоюды қоса алғанда, тараптар реттеу рәсімдерін жүргізіп жатқан кезде қарыз алушы берешекті коллекторлық агенттіктерге сата алмайды.
  • Қарыз алушыны төлем мерзімінің өтіп кетуі туралы хабардар ету мерзімі күнтізбелік 20 күннен 10 күнге дейін қысқартылады. Сондай-ақ банк омбудсманының азаматтардың барлық несиесі бойынша дауларды қарау жөніндегі өкілеттігін кеңейту және микроқаржы омбудсманын құру көзделген. Омбудсмандардың шешімдері банктер, МҚҰ және коллекторлық ұйымдар үшін міндетті болады.
  • Клиентті биометриялық сәйкестендірусіз банктік қарыздар мен микрокредиттер беруге тыйым салынады. Қазіргі уақытта алаяқтық жолмен несие рәсімдеу белең алып кетті. Соған байланысты биометриялық сәйкестендіру жүргізілмей, онлайн шағын несие мен банк қарызын беруге тыйым салынбақ. Мұндай даулы кредиттердің ресімделуіне жол бермеу үшін банктер мен МҚҰ-ның осындай өтінімдер бойынша мәліметтерді белгілі бір уақытта кредиттік бюроға ұсынуға тиіс болмақ. Заң жобасында тергеу іс-шараларын жүргізу кезеңінде сыйақы есептеуді және наразылық-талап қою жұмысын тоқтата тұру қарастырылған. Бұл ретте қарызды алаяқтық тәсілмен ресімдеу фактісі белгіленгені туралы заңды күшіне енген сот шешімі болған жағдайда тұтынушыға қойылатын талаптар тоқтатылады. 
  • Әскери қызметшілерге мерзімді әскери қызметті өткерудің барлық мерзіміне банктік қарыз немесе микрокредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру процесін автоматтандырылады.
  • Бланкілік қалдықтарды есептен шығару үшін сот тәртібімен өндіріп алынған күнге ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша міндеттемені ипотекамен жабу туралы шартты алып тастау, бұл ретте мұндай қалдықтарды есептен шығару борышкер -жеке тұлғада кепілге салынған мүлікті сот тәртібімен сату күніне өндіріп алынуы мүмкін өзге мүлік немесе кірістер болмаған жағдайда жүргізілетін болады.
  • Қарыз алушы-жеке тұлғаның банктік қарыз шарты мен микрокредит шартының талаптарына өзгерістер енгізу туралы өтінішін қарау кезеңінде банктің (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның) банктік қарызды және микрокредитті мерзімінен бұрын өтеуді талап ету құқықтарын шектей алады. 
  • Микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктерге үлестес жеке сот орындаушыларымен және нотариустармен өзара іс-қимыл жасауға тыйым салынады. 
  • Банктік қарыз немесе салым бойынша сыйақы шамалары туралы ақпаратты қамтитын жарнаманы тарату және (немесе) орналастыру кезінде банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар үшін сыйақы мөлшерлемесін анық, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеуде көрсету міндетін енгізіледі. 
  • Қатысушыларының 2/3-сінен астамы бейрезидент болып табылатын синдикатталған қарыз шарты үшін халықаралық стандартты пайдалану, бейрезидент - қаржы ұйымының ұлттық басқарушы холдингтен банк акцияларын сатып алу талаптарын жұмсарту бөлігінде синдикатталған қаржыландырылады. 
  • Жеке тұлғалардың банкроттық рәсімдерінде кредиторлар, оның ішінде таратылу сатысындағы және уәкілетті органның қаржы қызметтерін ұсынуға лицензиясы (рұқсаты) жоқ кредиторлар тізбесін кеңейтуді қоса алғанда, жеке тұлғалардың банкроттық рәсімдерін оңайлатылады. 
  • Жеке сот орындаушысының қатысуынсыз жеке тұлғадан жиырма айлық есептік көрсеткішке дейін әкімшілік айыппұлдар мен салық берешегін өндіріп алу бойынша атқарушылық іс жүргізу рәсімін цифрландырылады.
  • Банкте басшылық қызметке орналасу үшін экономика және қаржы салаларындағы мемлекеттік саясатты қамтамасыз етуге жауапты мемлекеттік саяси қызметшілердің жұмыс өтілін және тікелей инвестициялар нарығын дамытуды жүзеге асыратын ұлттық басқарушы холдингтің еншілес ұйымындағы жұмыс өтілін есепке алынады. 

Сонымен қатар, заң жобасының тақырыбын "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп өзгерту ұсынылады.

Мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен заң жобасы бойынша таныстырылым, жұмыс тобының он тоғыз отырысы, Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырыстары өткізілді.

Парламент Мәжілісінің барлық тұрақты Комитеттері оң қорытындылар берді.

Осы айтылғандарды ескере отырып, Қаржы және бюджет комитеті заң жобасын мәжілісінің жалпы отырысының қарауына енгізуді және оны қабылдап, сенат қарауына жіберу ұсынылды. 

Талқылау