Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Су – тауар, ал тауардың құны болуы керек": Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин су мәселесі жайлы сұхбат берді

17 маусымда мәжілісте мемлекет басышсы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы қыркүйектегі жолдау аясында “Қазақстанның су саласын дамыту перспективалары” тақырыбында парламенттік тыңдау өтті. Отырыста су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су ресурстарын пайдалану, қабылданып жатқан шаралар мен Қазақстанның су саласын дамыту перспективалары, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша өзекті мәселелерді талқыланған болатын. Осы орайда қордаланған мәселелер жайлы Stan.kz тілшісі мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршинмен сұхбат жүргізген болатын. 

– Еділ Терекбайұлы, сұхбатқа келіскеніңізге көп рахмет! Еліміздегі су саласын зерттеп, мәселені көтеріп жүрген азаматтардың бірісіз. Парламенттік тыңдауларға осы су мәселесі, су жүйесі тыңдауға шығарылып отыр екен. Не себепті?   

– Жалпы мына парламенттік тыңдаудың өзі негізгі мақсаты - бұл мемлекет ішінде ең өзекті ішкі-сыртқы саясатқа қатысты ең өзекті мәселелерді мамандармен, сарапшылармен, қоғаммен талқылап, жалпы мына заң шығаруға немесе заңның кейбір проблемалық жерлерін тауып, өзгерістер енгізу. Себебі қоғамда көптеген қордаланған мәселелер бар. Мамандардың, ғалымдардың пікірі керек. Сонда парламенттен шығатын заң өміршеңдік болады, сапасы жоғары болады. Енді неге біз су саласын көтеріп отырмыз? Бұл біріншіден, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Халықты 100% 2025 жылға дейін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету керек" деген тапсырмасы бар. Міне, осы тұрғыда бұл біздегі мемлекеттегі өзекті мәселе. Сонымен қатар, өзіңіз білетіндей, қазір әлемде климат өзгеріп жатыр. Судың тапшылығы кейбір өңірлерде байқалып отыр. Былтыр, соңғы 5 жылда кейбір өңірлерде жаңбыр нормадан 2 еседей аз түсті. Осының бәрі біздің экономикамызға, ауыл шаруашылығына, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне әсер етуде.

Сарапшылардың айтуынша, 2040-2050 жылға дейін суды тұтынуы 40-50 пайызға дейін өседі. Ал біздегі бар ресурс соған жете ме? Ол жетпесе, “Біз не істеуіміз керек?” деген мәселелер туындайды. Оның үстіне өзіміздің үлкен су қорлары жоқтың қасы. Оның бәрі көрші мемлекеттерде орналасқан. Осының барлығы біздің мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне әсер етеді. Қазақстан су тапшылығы орын алу деңгейі өте жоғары елдердің бірі екенін ұмытпауымыз қажет. 

– Сонда біздің елде су ресурстары тапшы ма?

– Қазір тапшы деп айтуға болмайды. Бірақ біз мемлекет есебінде өзіміздің перспективаларымызды, алдағы мәселелерімізді жоспарлап, жобалауымыз керек. Біздегі негізгі су қорлары жерүсті, жерасты суларына байланысты. Кейбір деректер бойынша, жер үстіндегі судың көлемі біздегі жүз екі километр куб деңгейінде, ал жерасты суларының көлемі, болжам бойынша, 58 км куб. Мемлекеттің балансында 4324 кен орындары бар. Екі жүзден астам су қоймасы бар. Онда миллионға жуық куб су жинақтауға болады. Ауыз судың тағы бір көзі – мұздықтар. Жер үстінде екі мыңнан астам бір миллион шаршы метрдей мұздықтар орналасқан. Біздің негізгі су қорларымыз осы. Ал тұрғындар жиырма бес километр кубтай суды тұтынып отыр. Оны дені 65 пайы ауыл шаруашылығында пайдаланылады.  

– Өзіңіз бір сұхбатыңызда “ауылдарда, шалғай мекендерде ауыз су тапшы” деп айтыпсыз. Бұл мәселені біз қалай шешеміз? Бекітілген жоспар бар ма?

 Иә. Жалпы ауыз су мәселесімен Индустрия және инфрақұрылым министрлігі айналысады. Мемлекеттің қабылдаған арнайы ұлттық жоспары бар. Қазақстанда 6000-нан астам елді мекен бар. Соның мың жарымына жуығында әлі орталықтандырылған немесе сапалы қолжетімді су әлі жоқ. Бұған байланысты министрлік арнайы жоспар әзірлеген. Оған 2025 жылға дейін 498 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Бұл қаражатқа мың ауылда модульдік комплекстерді пайдалану үшін, бес жүз елді мекенде орталықтандырылған су тораптары жасақталуы керек. Бұл адам санына байланысты. Егер де тұрғындардың саны көп болса, орталықтандырылған су жүйелері жасақталады, халық саны аз ауылдар болса, онда модульдік кешендер қойылу керек. Міне, осы бағытта қазір министрлік жұмыс жасауда. Қаржысы анықталған, жоспар бекітілген. Енді уақытында жобалық-сметалық құжатар жасақталып, қаржы бөлінсе, президенттің тапсырмасы 2025 жылға дейін орындалуы керек.

– Былтыр премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға жолдаған депуттатық сауалыңызда осы су мәселесін көтеріпсіз. Мардымды жауап ала алдыңыз ба?

– Депутаттық сауалға олар өздері орындап жатқан жұмыстарға байланысты жауап береді. Мына ауыз суға байланысты бір жүйелілік бар. Мысалы, қазір министрлік интерактивті карта жасаған. Сол карта бойынша реалдық режимде қай жерлерде су бар, қай жерлерде су жоқ, қай аймақтарда су жүргізілуде соның барлығын көруге болады. Шыны керек, бұл мәселе жергілікті органдарға да байланысты. Олар сапалы құжат жасақтап, уақытында жерасты суларын іздестіріп, ол жердегі қорларды анықтап, құбыр салып, су беруі керек Мысалы, қазір кейбір облыстарда халықтың сумен қамтылуы тоқсан пайыздан жоғары деп айтады. Бірақ түптеп келгенде ол жақта судың режиммен беріліп отырғанын көріп отырмыз. Жаңаөзен, Ақтау қалаларында жағдай солай. Мұны өзім жақсы білемін. Себебі барлық жерге құбыр келіп тұр, бірақ онымен су аз келеді. Ал ауылдық жердегі адамға күніне жүз жиырма литр су берілуі керек. Ал қалада адам санына шаққанда әр тұрғынға 360 литр берілуі керек. Бұрақ нормаларға сәйкес су берілмейді. Бұл жерде статистика жасағанда тек қана су құбырының болуымен емес, халықтың сумен қамтамасыз етілуіне қарауымыз керек. Судың сапасы тағы бір мәселе. Күн тәртібіне су ішуге жарай ма немесе оның құрамы қандай деген сынды мәселелерді қоюымыз керек. Сондықтан республикалық бюджеттің мәселесінен бөлек, жергілікті өкілетті органдар уақытылы сапалы жобалық-сметалық құжат жасауына, түскен ақшаны игеріп, алдын ала өзінің су қорларын қаншалықты зерттеп жатқанына қарауымыз керек. Ертең құбырды орнатып, оның ішінде су болмаса, арты үлкен дауға айналады. 

– Еліміздегі су қоймаларының жағдайы қалай?

– Қазақстандағы су қоймаларының жағдайы жақсы деп айта алмаймыз. Себебі осы тыңдауларға байланысты арнайы комиссия құрылған болатын. Сол комиссияға мен төрағалық етемін. Бұл жұмыстарды біз тек қана Парламенттің қабырғасында отырып жүргізген жоқпыз. Елді мекендерді, өңірлерді аралап қайттық. Батыс Қазақстанға барған кезде бірнеше су қоймаларын көрдік. Бұлар Кеңес үкіметінің кезінде жасақталған. Тіпті, 50-60-70 жылдары жасақталған су қоймалары бар. Ол жақта байқағанымыз, бұл су қоймаларын күнделікті қарап отыру, уақытында оған жөндеу жұмыстарын жүргізу деген сынды дүниелер кенже қалып қойған. Соған байланысты көптеген су қоймаларында проблемалар бар. Кейбір жерлер жарылып, су жерге сіңіп кетке, фильтрация дұрыс жүргізілмейді. Бір жағынан мұндай су қоймалары толық қуатында жұмыс жасай алмайды. Себебі оған су толса, Қызылағаштағыдай жағдай қайталануы мүмкін. Мұның барлығын министлік пен жергілікті логандар бірігіп, қадағалауы қажет. Ондай жұмыстар жүргізіліп жатыр, бірақ оның арты қаражатқа келіп тіреледі. 

– Сәуір айында ШҚО-на жұмыс сапарымен барып келдіңіздер. Ол жақтағы жағдай қалай екен?

– Су қоймалары –  бір проблема, екінші мәселе – су өткізу каналдары. Мысалы бір елді мекенге бардық, онда гидротеxникалық құрылғы істен шыққан екен. Оны жөндейміз деп жобалық құжаттама жасалған, қаражат бөлінген. Бірақ 6 жылдан бері халық сусыз отыр. Алты жыл бойы егін салынбаған, жоңышқа күйіп кеткен. Халық өзінің күнделікті кәсібімен айналыса алмай отыр. Мұндай проблемалар жетерлік. Біріншіден, мұнда каналдар ескірген, екіншіден, уақытында жөндеу жұмыстары жүргізілмейді, үшіншіден, басталған құрылыс аяғына жетпеген. Құрылысқа қаржы жетіспейді. Себебі уақыт өткен сайын құрылыс жұмыстары қымбаттап кетеді. Бұл тек қана ШҚО-ға қатысты емес, жалпы бүкіл республикаға ортақ проблема. Оны біз Түркістан, Қызылорда облыстарына барғанда да көрдік. 

– Бұл жерде жергілікті әкімдіктегілердің рөлі айрықша ғой...

Бұл жерде мынандай мәселе бар. Кейбір каналдар республикалық баланста, ал кейбір каналдар жергілікті, тіпті кейбір каналдардың қожайындары жоқ. Ал кейбіреулері жекеменшікке өтіп кеткен. Бұрын бұның бәрі Кеңес үкіметінің кезінде бір мекеменің құзыретінде болған. Ал қазір ол бөлініп-бөлініп кеткен, біреуі жақсы қарайды, біреуі дұрыс қарамайды, енді бір жерлер тіпті қараусыз жатыр. Осындай мәселелер көп. Сондықтан есепке алу керек. Оның бәрін қайта қарап, қажет болса, республикалық немесе жергілікті органдардың иелігіне беру керек. Тағы бір мәселе – тариф мәселесі. Себебі біздегі тариф өте төмен, соған байланысты инвесторларды тарту қиын. Екінші жағынан түсетін қаржы аз, бұл жөндеу жұмыстарына жетпейді. Бұл мәселелерді өзіміз көріп, көз жеткізіп қайттық. 

– Осы орайда көршілес елдермен қарым-қатынас орнату қаншалықты маңызды? 

– Бізге келетін 102 километр куб өзен суларының 50 пайызы трансшекаралық, яғни олар елімізге Ресейден, Қытайдан, Тәжікстан, Қырғызтан, Өзбекстаннан ағып келеді. Бұл жерде үлкен мәселе бар. Еліміз көрші мемлекеттермен көп жақты, екі жақты келісімдер қабылданған. Халықаралық деңгейде қабылданған конвенциялар бар. Бұған қарамастан республикамызда мәселе жетерлік. Су азайып, ластанып жатыр. Қазақстан өзендердің төменгі аймағында орналасқандықтан бізге ауыр химикаттармен немесе тұрмыстық жағынан ластанған су ағып келеді. Жайық, Ертіс, Сырдария өзендері айтып отырғандарымыздың айқын мысалы. Сондықтан бізге көрші мемлекеттермен келіссөз жүргізетін мықты, өз алдына бір статусы жоғары орган керек. Мәселен, су шаруашылығына қатысты Қытайда министрлік, Ресейде агенттік, көрші Өзбекстанда министрлік бар.

Сондықтан бізге де министрлік, не агенттік керек. Екінші мәселе осы бағытта ғылыми-зерттеу жұмыстары қажет. Себебі келіссөздер жүргізген уақытта біздің қолымызда деректер мен нақты фактілердің болғаны абзал. Біз қандай да бір позициямызды мықты ұстау үшін дәлел керек. Судың гидрологиялық режимдері, оның экологиялық мәселелері есепке алынуы тиіс. Барлық уақытта көл, өзен, теңіздің бір экологиялық жағдайын қалыпты ұстап тұру үшін оның белгілі бір деңгейі болу керек. Міне, осы мәселелердің бәрін зерттеп, көршілерімізбен әріптестік серіктестік негізде жұмыстар жүргізу қажет. Бұл әлемде бар практика. Мысалы, Дунай Еуропаның бірнеше елі арқылы ағып өтеді. Оның бойында орналасқан мемлекеттер өзенді серіктестік негізде тиімді пайдаланып отыр. Кемелердің жүруі, тазалығы, одан су алу мәселесі бәрі реттелген. Еуропалықтар  Дунайдың басынан бастап Қара теңізге құйған жеріне дейін экологиялық тұрғыда зерттеп отыр. Бізге олардан үлгі алып, трансшекаралық өзендердің ағысын реттеуіміз керек. 

– Ауыл шаруашылығы суды ең көп қолданатын бірден-бір сала деп өзіңіз айтып кеттіңіз. Осы орайда қандай тиімді шаралар атқаруымыз керек деп ойлайсыз?  

– Ауыл шаруашылығы – тек суды көп пайдаланатын ғана емес, суды көп шығындайтын  сала. 40-50% су фильтрацияланып немесе буланып кетеді. Тиімсіз пайдаланылады. Тіпті қажетті нормадан көп суды қолданылады. Әсіресе, күріш өндірісінде суды шексіз пайдалатындар өте көп. Су - ресурс, бұл біздің уран, хром, мұнай, газ сияқты пайдалы қазба. Судың өзіндік құны төмен болуы тиімсіз. Каналдарды жөндеу немесе гидроқұрылғыларды, су қоймалаын реттеу мүмкін болмайды. Сондықтан, біріншіден, бағаны реттеуіміз керек. Суды пайдаланушы қожалықтар, өндіріс, экономиканың әрбір саласы  оны үнемдеуге мүдделі болуы керек. Екінші мәселе – суды үнемдеуге байланысты жаңа теxнологияларды қолдану. Мысалы, суландыруға байланысты әртүрлі тамшылап суару технологиялары бар. Мәселен, Израиль мемлекетінің біздікіндей су қорлары жоқ, бірақ сол тамшылату технологиясы арқылы тек қана өзін емес, күллі Еуропаны, Азия мемлекеттірін азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр.

Үшінші мәселе - автоматизация және цифровизация. Біз судың көлемін білуіміз керек. Егер келіп жатқан судың параметрлерін, көлемін анықтай алмасақ, оны басқару да мүмкін емес. Тағы бір мәселе – ауыл шаруашылығы. Мұнда көптеген әртүрлі xимиялық тыңайтқыштар пайдаланылады. Бұл салада қолданылған су теңізге немесе өзенге жіберілуі мүмкін. Соның салдарынан арналарды, экожүйелерді бүлдіріп алмауымыз керек. Су үнемдеуден бөлек, органикалық тыңайтқыштар пайдалану мәселесі күн тәртібінде тұр. Сонымен қатар суды аз керек ететін дақылдарды өсіруді қолға алуымыз қажет. Бұл өз кезегінде суды үнемдеуге мүмкіндік береді.

– Мәселе расымен көп екен. Осы орайда бұл проблемаларды шеше алатын мамандар бар ма?   

– Өте өзекті мәселені көтеріп отырсыз. Бұрын Жамбыл облысында гидромелиорациялық институт болған еді, қазір ол бірнеше институттармен бірігіп кетті. Бүгінде бұл мамандықты дайындау кенже қалып қойды деп айтуға болады. Су мәселесімен айналысатын мамандар бүгінде өз деңгейінде дайындалып жатыр деп айту қиын. Оны мына жағдайлардан көріп отырмыз. Қазір сумен айналысатын гидротеxниктер, гидрологтар өте аз. Сондықтан бұған мемлекет тарапынан көңіл бөлінуі керек. 

– Мүмкін «Болашақ» бағдарламасы арқылы осы салаға қатысты мамандарды шетелге жіберіп оқыту керек шығар?

– Иә, өте дұрыс айтасыз. Шынында да әлемде озық тәжірибелер, осы бағытта ғылыммен айналысып немесе мамандар дайындап жүрген белгілі оқу орындары бар. Міне, соларға біз квотаны көбейтіп, ғылыми тағылымдамаға жіберіп, “Болашақ” арқылы мамандар дайындау қолға алыну керек деп ойлаймын. Су – тіршілік көзі. Меніңше, енді  дүниежүзілік соғыс басталса, оған ауыз су тапшылығы түрткі болады. Қазіргі азық-түлік, экология, климаттың өзгеруі, суға байланысты проблемалар– бүкіл планетарлық масштабтағы мәселе. Сол себепті бізге білікті мамандар керек.

– Қалай ойлайсыз, егер осы ретте су тарифін көтерсек, халық наразы болмай ма? 

– Халыққа суды үнемдеу мәдениетін үйретуіміз керек. Егер суды дұрыс пайдаланбасақ, онда су жетіспеушілігі пайда болады. Адам тамақсыз бірнеше күн өмір сүруі мүмкін, бірақ сусыз өмір сүре алмайды. Қазір судың сондай арзан болуы оны бей-берекет үнемсіз пайдалануға әкеп соғуда. Қарап отырсақ, көлікті де таза сумен жуамыз, теxнологиялық процесстерге де ауыз суды қолданамыз. Мысалы, Израильде судың бір текше метрнің бағасы 0,60 центтен – 2,5 долларға дейін жетеді. Ал бізде ауыл шарушылығы үшін де судың тарифі екі теңгенің жобасында бекітілді. Салыстыруға да келмейді. Егер судың қоны жоғары болса, халық оған басқаша көзқараспен қарайды. Әрине, халықтың да әл-ауқаты ескеруіміз керек. Мысалы, Еуропада табыс жоғары. Мұның барлығын есепке алу қажет. Суды тарифтен төмен сатуға болмайды, себебі онда мекемелер құрдымға кетеді. Олар да пайда табу керек, дегенмен қаражат олардың қалтасына емес, судың сапасын арттыруға, жүйені кеңейтуге, жаңа теxнологияны енгізуге пайдалануы керек. Тағы бір мәселе – суды қайта пайдалану. Өндіріс орындары өзінен шыққан суды тазалап, қайта пайдалана алады. Бұл қайта айналмалы цикл деп аталады. Сингапурде судың 40%-ы қайда қолданылады екен. Міндетті түрде ішуге емес, оны тазалап, технология, көлік жууға пайдалансақ, суды үнемдер едік. Су – тауар, ал тауардың құны болуы керек.

– Қазақстан тікелей мұхитпен байланысы жоқ ел. Дегенмен бізде Каспий теңізі бар. Ондағы жағдай қалай?

– Каспий теңізі - еліміздің ең үлкен су айдыны. Бірақ оның тұздылығы жоғары болғандықтан, оны тікелей қолдана алмаймыз. Каспий теңізін өзендер ластайды, себебі өзендермен ағып келетін зиянды заттар көп. Каспийге құятын өзендердің бойында, қалалар, мегаполистер, өндіріс ошақтары орналасқан. Олар фенолдар мен ауыр металдарды, химиялық элементтерді, басқа да зиянды қалдықтарды өзенге ағызып жібереді. Салдарынан теңіз де ластанады. Сонымен қатар мұнайға байланысты жасалып жатқан жұмыстар да Каспий теңізініңіз бүлінуіне ықпал етуде. Қазақстаннан бөлек, теңіз арқылы Әзірбайжан да мұнай өндіреді. Ол жақта суға түсу тіпті мүмкін емес, теңіз бетінде мұнай пленкасы қалқып жүреді. Каспийдің ластануының тағы бір себебі – теңіздің айналасындағы елді мекендер, олардан шығатын тұрмыстық қалдықтар мен қалдық сулар. Төртінші мәселе – су көліктері. Бұл тұрғыда Қазақстан балластық суды реттейтін конвенцияға қол қоймаған. Сондықтан қандай кеме қандай лас затты төгіп жатқаны белгісіз. Енді қазір Каспий теңізі тартылып жатыр. Оның себебін айту қиын. Бірақ мамандардың айтуынша, бұл Жайық пен басқа да өзендерден келіп жатқан судың азаюына байланысты. Кейбіреулері мұны теңіз ғасырлық, эралық режимімен байланыстырады. Иранда өткен симпозиумда бес мемлекет бірігіп, Каспийді зерттейтін ғылыми институт құру қажет деп айтқан едім. Теңіздің гидрологиялық, экологиялық жағдайын, басқа да мәселелерін түгел саралауымыз қажет. Осындай халықаралық  ғылым зерттеу институттың көп көмегі тиер еді.

– Еділ мырза, енді біраз мәселенің басын қайырдық. 17 маусымдағы парламенттік тыңдаулардан қандай нәтиже күте аламыз? Қорытынды ретінде айта кетсеңіз. 

– Парламенттік тыңдаулардың негізгі мақсаты – осы бір өзекті проблеманың қоғамда туындаған сұрақтарды жинақтап, барлық пікірлерді тыңдап, мамандар, сарапшылар, ғалымдар ұсынған шешімдерді келтіру. Парламенттік тыңдауларда ұсыныс жасаймыз. Қазір ол жасақталып жатыр, аяқталды, алдағы уақытта тағы толықтырамыз.  Жалпы, барлық министрліктерге, үкіметке, жергілікті билік өкілдеріне осы Парламенттің тыңдауларынан кейін мамандардың, депутаттардың, ғалымдардың, сарапшылардың айтқан мәселелерін бәрін жолдаймыз. Бұл жердегі бірінші мәселе заңды реттеуіміз керек. Қазіргі пайдаланып жүрген “Су кодексі” ескірген. 2003 жылы қабылдаған, одан бері 72 өзгеріс енгізген. Кодекс суды тұтыну жағына қарай жасақталған, ал суды үнемдеу, суды қорғау көзделмеген. Сондай-ақ гидротеxникалық құрылғылардың қауіпсіздігіне қатысты заң жоқ. Парламенттік тыңдаулардан кейін заңды реттеуіміз керек, бар проблемаларды ашып, әрқайсысына байланысты тиісті жоспар құрып, қаражат бөлу қажет. Үшіншіден, Ғылыми-зерттеу жұмыстары мен кадр мәселесін жүйелейміз. Төртінші мәселе, бізге мемлекеттік басқаруды оңтайландыру қажет. Жан-жаққа шашпай, әртараптындармай, жүйелі түрде мемлекеттік басқаруды реттеуіміз керек. Мысалы, Балқаш-Алакөл бассейнін алайық. Онда басқа да су көздерін айтапағанда он тоғыз трансшекаралық өзен бар. Оның барлығын бір ғана адам қарайды екен, оның материалдық-теxникалық базасы өте төмен деңгейде. Міне осы мәселелердің барлығы Парламенттік тыңдауларда көтеріледі, оларды шешу жолдары ұсынылады. Негізгі мақсат осы. Бастаған іс аяқсыз қалмайды. Бұған қоса парламенттік ұсыным 6 ай сайын орындалсын, Парламент қадағалап отырсын деген ұсыныс жасамақпыз. Үкімет тарапынан мәселелерді жарты жыл сайын қарап, қадағалап отыруымыз керек. 

– Сұхбатыңызға рахмет! 

Сұхбаттың видео нұсқасын біздің YouTube арнамыздан тамашалай аласыздар: 

 

 

Сұхбаттасқан: Абылайхан Өмірбай

Талқылау