Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Еден ортасына түскен, дәретхана мүлдем жоқ": Қызылордада көппәтерлі баспананың тасы опырылып, жертөлеге құлаған

Қызылорда қаласында жиырма шақты отбасы күздің қара суығы басталып жатқанда баспаналарына бас сұғудан да қорқып отыр. Өйткені олар тұратын үйдің бір пәтерінің едені опырылып жертөлеге құлаған. Қайта, апат кезінде баспанада ешкім болмапты. Ал әбден ескірген көп пәтерлі үйдің тұрғындары енді айдың, күннің аманында ескі баспананың қабырғасының астында қаламыз ба деп үрейлі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Орынкүл Бұлқанованың үйінде құдды бір бомба жарылғандай. Пәтердегі жатын бөлме мен әжетхананың едені жоқ, үңірейіп жер көрінеді. Өйткені тозығы жеткен баспананың тасы опырылып, жертөлеге түскен. Ал қара суықта далада қалған жалғызбасты ана апат кезінде үйде ешкім болмағанына ғана қуанады.

"Келсем сұмдық болып жатыр. Еден ортасына түскен, дәретхана жоқ мүлде. Үйге қонған жоқпын, түннен таң атқанға дейін далада жүрдім тентіреп", - деп көз жасына ерік берді тұрғын Орынкүл Бұлқанова.

Екі күннен бері Орынкүлдің көршілерінің де ұйқысы қашқан. Көппәтерлі баспананың кейбір тұрғындар тіпті керекті заттарына жинап, паналайтын жер іздеуге көшкен. Енді еденіміз емес, 30 жыл бұрын қаланған қабырға төбемізден құламасына кім кепіл дейді тұрғындар.

"Бізге баспана тауып берсін. Болмаса, білмеймін басқа шара қолдануға болатынын. Енді бұл адам тұратын жағдайдағы үй емес", - деді тұрғын Дүйсенкүл Сейдахметова.

Жауапты мамандар жай күнде едені опырылған баспананы апатты үйлер тізімінде жоқ деп отыр. Қазір мамандар оқыс оқиғаның себебін анықтап жатыр екен. 

"Қала әкімдігі тарапынан оқиға болған жердегі зардап шеккен пәтерді, ол үйдің тұруға жарамсыз болуына байланысты, сол үй иелерін уақытша баспанамен қамтамасыз ету мәселелері қарастырылып жатыр", - деді Қызылорда қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Біржан Далабаев.

Бүгінде көппәтерлі үйдің жарамды не жарамсыз екенін арнайы мамандар зерттеп жатыр. Сонымен қатар, әкімдік осы уақытқа дейін үйге қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге тұрғындар келісім бермегенін айтты. 

Талқылау